Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Кәсібің — нәсібің:  БАЛ АРАСЫ –ТАБИҒАТТЫҢ СЫЙЫ

Кәсібің — нәсібің:  БАЛ АРАСЫ –ТАБИҒАТТЫҢ СЫЙЫ

Бал- әрі азық, әрі бизнес. Балдың адам өміріне тигізер пайдасы көп. Оның құрамы түрлі өсімдіктерден жиналған дәрумендерге толы. Омарташылық — қыр-сыры көп кәсіп. Бүгінде бал арасымен айналысатын омарташылар саны жылдан жылға артып келеді. Соның бірі Сайрам ауданы Қарасу ауылының тұрғыны — омарташы Равшан Алиев.
Равшан Алиев 20 жыл бұрын осы кәсіпті қолға алған. Бүгінде өз кәсібіне балалары мен немерелерін баулып жүрген жайы бар. Болашақта шаруасын кеңейтіп мол өнім алмақ ниетте. Равшан Алиевтің айтуынша бал аралар күн суыта бастағанда қыстық ұйқыға кетеді. Бал араларының бал жинау уақыты сәуір айында басталады екен. Себебі сәуір айы нағыз егістіктің егіліп, көгерістің шығатын уақыты. Омарташының ауласында 50-60- қа жуық түрлі түске боялған жәшіктер тұр. «Ол аралардың мекен ететін ұялары, дәл қазір аралар балмен қоректеніп жатыр» деп жауап берді кәсіпкер. Әр жәшіктің ішінде 45 мыңға жуық бал жинайтын ара мен бір аналық ара болады екен. Аралар бал жинау барысында 3 шақырым қашықтыққа дейін ұшып, өсімдіктерді тозаңдандыра алады. Әрбір ара өзі шыққан ұяшығына қайта оралып, бал жинайды. Бір қызығы сыртқа ұшып шыққан аралар өз мекенін адаспай тауып келе алады екен. Егер де бірі адасып көрші жәшікке кіріп кетсе, оны өзге аралар өлтіріп тастайды екен. «Әр ара ары кетсе 10-15 күн ғана өмір сүреді»-дейді кәсіпкер. Равшан атаның айтуынша балға деген сұраныс әсіресе пандемия кезінде артқан көрінеді.
Омарташылар жазға жақын жәшіктерін арнайы тіркемеге артып, көгерісі мол мекенге аттанады. Сол жерде араларды бостандыққа жібереді. Кейде бауға , кейде тауға көшіп жүретін омарташылардың жұмысы әсте оңай емес. Балды жинау барысында ара шағып алатын жағдайлар көп болады екен. Өзімізде айына, жылына ара шағып алса , шаққан жері қызарып, әлемді басымызға көтеріп бір жылап аламыз ғой. Ал, омарташы Равшан Алиевті бір күнде 40-45 рет шағып алатын кездері көп. Бұл күнде аралардың шаққанын шыбын шаққан құрлы көрмейтін кәсіпкер «Өз кәсібін сүйетін» жан ғана жетістікке қол жеткізеді» дейді.
С. АБЫЛБЕК.

Пікір жазу