Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданындағы бірқатар елді мекен тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, азаматтардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

Кездесу барысында Ұлағат шағынауданы, Алдияров көшесі, Достық, Базарқақпа және Тоғыс тұрғын алаптарының тұрғындарымен күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелер талқыланды.

Атап айтқанда, көшелерді кеңейту, балалар ойын алаңдарын салу, бейнебақылау камераларын орнату, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдаршамдар мен жасанды жол кедергілерін орнату, қоғамдық көлік бағыттарын ұзарту, аумақтарды абаттандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар тұрғындар кәріз желілеріне қосылу, электр желілерін қайта жаңғырту, трансформаторлық қосалқы станциялардың жағдайын жақсарту, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Кездесуде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Атап айтқанда, Ұлағат шағынауданында балабақша мен емхана салу, ал Тоғыс тұрғын алабында спорт кешенін салу қажеттігі айтылды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешудің ықтимал жолдарын жауапты сала басшыларымен бірге талқылады. Әр бағыт бойынша алдағы жұмыстар мен нақты қадамдар айқындалды.

Көтерілген ұсыныстардың әрқайсысы тиісті салалар бойынша зерделеніп, қолданыстағы мүмкіндіктер мен жоспарланған жұмыстар аясында қаралатын болады. Бұл ретте инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, халыққа қажетті нысандардың қолжетімділігін арттыру және елді мекендердің жайлылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Әсіресе инженерлік желілерді жаңарту, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және әлеуметтік нысандармен қамту мәселелеріне басымдық берілмек. Тұрғындардың ұсыныстары алдағы жоспарлау жұмыстары кезінде ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелердің жұмысына енгізіледі.

Кездесу барысында қала басшысы тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы мен нақты ұсыныстары үшін алғыс білдірді.

Мұндай көшпелі кездесулер қала аумақтарындағы жағдайды жергілікті жерде зерделеп, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді тікелей анықтауға және азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

 

Пікір жазу