Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкентте шеткі аумақтардың инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңаруда

Шымкентте шеткі аумақтардың инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңаруда

Шымкенттің аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын алаптары қала өмірімен біте қайнасып келеді. Бұрын шаһардың шетінде орналасқан елді мекендерде жол, ауыз су, көше жарығы секілді мәселелер жиі кездесетін. Бүгінде олардың бірқатары кезең кезеңімен шешімін тауып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасып келеді. Солардың бірі – Құрсай.

Бір кездері қала сыртындағы шағын елді мекен саналған Құрсай бүгінде Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының біріне айналды. Инженерлік желілер тартылып, көшелер асфальтталып, мектептер мен балабақшалар бой көтеруде. Балаларға арналған ойын және спорт алаңдары көбейіп, қоғамдық көлік қатынасы да жақсарған.

Құрсайдың қала құрамына енуіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы №1110 қаулысы негіз болды. 2014 жылы тұрғын алап Шымкент қаласының құрамына түбегейлі енді. Осыдан кейін аумақтың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды.

Алғашқы кезекте ауыз сумен қамтамасыз етуге басымдық берілді. 2018 жылы орталықтандырылған су желілеріне 8 436 тұтынушы қосылған. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар соңғы кезеңіне жетті.

Магистральды және орамішілік су желілерін жүргізу жұмыстары екі кезеңге бөлініп, оны «Риголит» ЖШС жүзеге асыруда. Бірінші кезеңге 2,444 млрд теңге, екінші кезеңге 2,482 млрд теңге бағытталған. Қазір нысандардың құрылыс дайындығы 95 пайызға жетті.

Құрсайға жауапты бас маман Мейіржан Әмірханның айтуынша, су құбырының бірінші кезеңі толық аяқталған. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін бітіру жоспарланған.

«Қазір тұрғындардың жартысы мемлекеттік желілерді пайдаланса, екінші жартысы жеке желілерге қосылған. Тариф бойынша айырмашылық жоқ. Негізгі ерекшелік – су қысымында. Құрсайда бүгінде 153 көше бар. Тұрғындар саны жыл сайын артып, шамамен 12 мың адамға жетті», – дейді маман.

Көгілдір отынға қатысты жұмыстар да жалғасып жатыр. Құрсайды газдандыру 2020 жылы жеке бастамалар есебінен басталған. Қазіргі таңда тұрғын алаптың 60 пайызы газбен қамтылған. Қалған 40 пайызын мемлекет есебінен газдандыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша бұл жұмыстарды 2027–2028 жылдары толық аяқтау көзделген.

Құрсайдағы инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асуы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта су және газ желілерін дамыту жұмыстарының аяқталуы аумақтың инженерлік инфрақұрылымын толық қалыптастырып, елді мекеннің одан әрі дамуына жағдай жасайды.

Электр энергиясына қатысты мәселе толық шешілген. Тұрғындар электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етіледі. Көше жарығы да толық ретке келтірілген. Қазір жарықтандырылмаған көше қалмаған.

Пікір жазу