Ордабасы алаңының оң жақ бетіндегі Қошқар ата өзенінің 1,2 шақырым болатын аумағы қоқыстан тазартылды. Жазы аптап ыстық шымкенттіктер үшін бұл аймақ таптырмас демалыс орны болатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде емдік қасиеті бар судың тазаланған бөлігінде балалар шомылып жүр.
Осыдан алдын Қошқар ата өзенінің айналасы қоқысқа толы, маңайында орналасқан жергілікті тұрғындар қоқыс қалдықтары мен шайынды суларын өзенге төгетін лас орын болған. Бүгінгі таңда бұл мәселені облыс басшысы тікелей бақылауына алды.
Өзен жағалауын тұрғындардың күнделікті серуендейтін демалыс аймағына айналдыруды көздеген облыс әкімі Ж.Түймебаев кеше қала басшылығымен бірге Қошқар ата өзені жағалауында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында «Қошқар-ата» өзенінің бойы абаттандырылуда. Жоба бойынша онда алдымен өзен жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 1200 метр жер халық қыдырыстайтын демалыс орнына айналады. Бүгінде ұзындығы 1,2 шақырым су арнасы тазаланып, оң жақ жағалауына толықтай аяқ жол салынып, көгалдандырылуда.
Бұдан бірнеше жыл бұрын өзеннің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі аумақта шамамен 1,5 шақырым жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылған болатын. Ал жалпы Қошқар ата өзенінің ұзындығы 78 шақырымды құрайды.