Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

2017 жылдың 27-мамыры – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!



Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Құрметті мұсылман бауырлар!

Баршамызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы — қасиетті Рамазан — сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы — Рамазан.

Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға толық негіз бар.

Рамазан — барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Бұл ай барша адамзат баласына рахметті ала келеді. Осы айда бір айы бойы ораза тұту парыз етілді. Рамазан айынның фазилаты жайында Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламның хадистері бар.

Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.

Рамазан — айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады.

Ораза ұстаған адам Құдайға жақын болады. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қасиеттерге бой ұсынады.

Бұл айдың кереметтері жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Кімде кім ораза тұтса және Аллаһ разылығы үшін шын ықыласпен мақтанбай тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды» деген.

Қадірлі ағайын! Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын!

Ахметжан қажы Керімбек,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы

Пікір жазу