Өткен жылы ауданда әр сала бойынша түрлі жобалар іске асырылды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан ауқымды жобалар аяқталып, ел игілігіне ұсынылады. Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу және Қарабұлақ елді мекендеріндегі ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды инфрақұрылымдық жобалардың қарқыны арта түспек. Жеткіншек елді мекеніндегі Ш.Айманов, Кенесары, Әл-Фараби көшелері мен аудан орталығындағы Сиязбеков, Асқанбеков, Атауы жоқ №1-ші, Атауы жоқ №2-ші, Кеңесбаев, Темирбекова, Мұханов, Жамбыл, Ш.Қалдаяқов, Тастанова, Теріскей және Жынысбаев көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, Абай елді мекенінің орталық екі көшесі мен аудан орталығындағы 24 көше түнгі жарықшаммен қамтылады. Біресек каналы ағымдағы жөндеуден өтіп, жоспарға сай жұмыстар атқарылады. Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндады. Сонымен қатар, санитарлық тазылық пен көгалдандыруға қатысты шараларға кеңінен тоқталып, бұл мәселені қоғам болып қолға алу керектігін атап өтті.
Жиында тұрғындар бірқатар ұсыныс-пікірлері мен түрлі сала бойынша сауалдарын жолдады.
Аудан басшысы айтылған әрбір мәселенің маңыздылығын ескеріп, шешу жолдарын жауапты мамандармен бірлесе талқылады. Бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша да жүгінді.
Есептік жиынға аудан басшысының сала орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
© Didarbek.kz