Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЖЕҢІСПЕН ОРАЛҒАН АРДАГЕР

ЖЕҢІСПЕН ОРАЛҒАН АРДАГЕР

Сарамсаков Ғани — 1922 жылы 3 қыркүйекте дүниеге келген.
Майданға 1941 жылдың 17-ші қарашасында аттанып, ІІІ–Украина майданында 519-шы атқыштар полкінде қызмет еткен. Румыня, Венгрия, Югославия елдерін азат етуге қатысып, ІІ-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орден, медальдарымен марапатталған.
Жеңістен кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Сталинград, Горкий қалаларында жұмыс істеді. 1961 жылы елге оралып, 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін колхозда шопыр болып еңбек етті.
Бүгінде 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты ардагер, Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылының ардақты азаматы.
Біз үшін Ұлы Отан соғысы да мәңгілік тарих. Ол біздің әкеміз бен аталарымыздың қанымен жазылған естеліктер. Өйткені олар адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді.
Аш, жалаңашта жүріп, қан майдандағы небір сұрапыл оқиғалардың басы-қасында болды. Мына жарық әлемнен ғайып болған қайран әке түсіне кіріп, булығып жылап жатқан ұлын жұбатып, тәтті ұйқысынан оятып, бойына қайта бір күш-қуат құйып, ойын түзеп, еңселетіп, тұрғызып жіберетін.
Күні бүгінге дейін рухымен жебеп келе жатқан, қан майданнан қайтпай қалған сол әкенің соңынан еңбектеп қалған талай ұлдар мына өмірдің әке сабақтап кеткен мәңгілік өлмейтін тамырынан нәр алып, өздері де елге аға болды. Осы төрт жыл талай жанды қыршынынан қиды.
Елдік мұрат пен ерлік шежіресіне адалдық танытып, осы жолда өмір сапарларын ерте аяқтаған ардақты азаматтарымыз бен аяулы апаларымызға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Кешегі жауынгер, бүгінгі ата-әжелеріміздің жеңіске жетер жолда жасаған ерліктері біздің жадымызда мәңгі сақталып, дастандай жалғаса береді. Төрт жыл бойы қарсы келген жауының бетін қайтарып, барлық қиыншылыққа төзе білген сол бір қарттарымыздың қатары жыл өткен сайын азайып барады. Ендеше, саусақпен санарлықтай ғана қалған ардагерлерімізге біздер тек Жеңіс күні қарсаңында ғана құрмет көрсетпей, өмір бойы көмегімізді аямауымыз қажет. Сондықтан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Ардагерімізді ҰОС жылдары майдан даласында, Отанымызды жаудан қорғап, көрсеткен ерліктеріне алғыс айта отырып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесімен құттықтаймыз!
Деніңізге мықты денсаулық, отбасыңызға береке тілейміз. Ұрпақтарыңыздың рахатын көре беріңіз!

#QAҺARMAN

© DIDARBEK.kz

 

Пікір жазу