Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫНА ЖОЛ САЛАМЫЗ

МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫНА ЖОЛ САЛАМЫЗ

Қазақ елі ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тарихқа бойлап жатыр. Елбасы Жарлығымен 1997 жылдан бері 31 мамырда ұлтымыздың өткеніне көз салатын бұл айтулы күннің маңызы зор.

Алаш ардақтысы, ұлт қайраткері Міржақып Дулатовтың «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген сөзі бар. Терең әрі құнын жоғалтпайтын пікір.

Күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев репрессия құрбандарын зерттеуге және олардың тарих алдындағы қызметі дәріптелетінін айтты. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жолында арнайы комиссия құруға бастамашы болды. Өте маңызды қадам деп есептейміз.
1937-38 жылы Қазақстанда репрессияға ұшырағандар саны 105 мыңға жетіп, оның 22 мыңы атылды. Бас көтерер азаматтардың бәрін жоспарлы түрде жойған кеңестік жүйе еліміздің даму деңгейін тежеді.

1932 жылы Қазақстанда халық саны 6,2 миллион болса, оның 2,1 миллионы аштықтан қырылды. Жалпы аштық құрбандарының нақты саны туралы әр түрлі деректер бар. Ол зерттеуді талап етеді. Қолдан жасалған аштық пен репрессияның ауыр қасіреті санамызға сіңгені соншалықты, қазір де ұлтты отарсыздандыру бағытында жұмысты күшейту керектігі сезілуде.

Шүкір, тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз оралып, тарихымыз түгенделе түсті. Біздің дәуірдің ұрпақтары, қазіргі қоғам сол ұлт амандығы жолында шейіт болған тұлғалар мен аштықтан зардап жеккен миллиондаған адамның алдында қарыздар. Оларды еске алу, ұмытпау, ұлықтау парызымыз екенін естен шығармаған жөн.
Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы тарихи оқиғалар түгел сарапталып, әлі де зерттеле түседі деп сенеміз. Осы ретте біз ұлт қайраткерлерінің тарихи бағасын берерде әділдіктен, адамгершіліктен ауытқымауымыз керек. Саяси жолы алуан болғанымен тұлғаларымыз қазақты аман алып қалу, азат елге айналдыру жолында еңбек еткені анық.
«Nur Otan» партиясының «Мирас» қоғамдық кеңесінде зиялы азаматтарымыз руханият, тарих туралы өткір ойларын айтып тұрады. Біз ұрпақтың санасына сәуле шашып, ұлттық рухты көтеретін бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз.
Қазір тұрақтылықтың, біртұтастықтың, еркіндіктің қадіріне терең бойлай білсек, Мәңгілік Ел мұратына жол саламыз. Сондықтан біз өткен ғасырдағы геноцидті ұмытпаймыз. Ел үшін шейіт болған арда азаматтарды мәңгі есте сақтаймыз.

© «Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары
Б.Тәжібаев

Пікір жазу