Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » Қателікке жол беруге болмайды

Қателікке жол беруге болмайды

Латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызға мәлім, қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы – жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұра. Сондықтан латын жазуына көшу – зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау да Елбасының тарихи бастамасына арналып отыр», – деді Мәжіліс төрағасы «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда.

Осы орайда Н. Нығматулин парламенттік тыңдауға жаңа әліпбиді жасаған авторлар арнайы шақыртылғанын, сондай-ақ олар бұл жоба таныстырылатынын атап өтті.

«Бүгін біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек», – деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, парламенттік тыңдауда жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілгенін айтты. Бұл жайында аталған орталықтың директоры Ербол Тілешов баяндап берді.

Өз тілшімізден

Пікір жазу