Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ МІНӘЙІМГЕ ТАРТУ ЕТКЕН СЫЙЫ

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ МІНӘЙІМГЕ ТАРТУ ЕТКЕН СЫЙЫ

Темірландағы Қажымұқан музейінің ең құнды, бірегей жәдігерлерінің бірі — Қажымұқан жұбайы Мінәйімге сыйлыққа әкеліп берген күмістен жасалған  лағыл тасты  әшекейлермен көмкерілген белдік. Атақты Қажымұқан палуанның 1945 жылғы Семейдегі ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына барғандағы Қоянды жәрмеңкесінде жұбайы Мінәйімға базарлық ретінде арнайы сатып алып, әкелген зерлі күміс белдігі музей экспозициясын тамашалаған әрбір қыз-келіншектің арманы екені сөзсіз.Бұл белдіктің негізі бір-біріне жапсарластырылған бірден жетіге дейін нөмерленген әшекейлі бөліктері бар. Сондай-ақ көрнектілігі таза күмістен бедерленген беттеріне қызыл көзді тастан әшекейлер жапсырылған.
Қажымұқан палуанның үшінші әйелі Мінәйім апамыз 1978 жылы дүниеден өткен. Мінәйім апамыздың отбасында алты ағайынды болған. Өмірден өтерінің алдында күш атасының жұбайы төсек тартып жатады. Сол кезде Шәуілдірде тұрған Жаңыл есімді сіңлісі өзінің ұлы Сауынбаймен бірге апасының көңілін сұрай келген. Осы келгенде Мінәйім апа өзінің сіңлісі Жаңылға мына белдікті маған палуан жездең сыйға берген еді, енді осыны сен ал жездеңнің және менің көзімдей көріп жүр деп әшекейлі күміс белдікті береді. Жаңыл апамыз белбеуді көзінің қарашығындай сақтап ұстады және үнемі өз ұрпақтарына апатайы мен жездесінен қалған естелік белгі деп тарихын айтып отыратын-ды. Ол кісі 1994 жылы қайтыс болады. Жаңыл апамыздың ұлы Сауынбай Мамасеріков 2002 жылдың наурыз айында музей қорына өткізеді. Сол кезден бері Қажымұқаннан қалған мұралар қорын толықтыра түсіп,  көрермен көзайымына айналған жәдігерлік әшекейдің шертер сыры осылай.
Г. ӘШІРБАЕВА,
Қажымұқан музейінің ғылыми қызметкері

Пікір жазу