Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » «ШАҢЫРАҚ» БАЙҚАУЫ БАСТАЛАДЫ

«ШАҢЫРАҚ» БАЙҚАУЫ БАСТАЛАДЫ

Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Түркістан облысында Қазақстан халқы достығын дәріптеуге арналған «Шаңырақ» байқауы басталады. Жарыс — әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы үздік жазбалар бойынша өтеді. Байқауға 2021 жылдың 1 наурызынан 10 маусымға дейінгі жарияланған материалдар қабылданады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев мәлімдеді.
Байқаудың негізгі мақсаты – әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы Қазақстан халқы арасындағы ынтымақ-бірлікті, достықты қалыптастыруға атсалысу екендігін жеткізді Түркістан облысы ҚХА журналистер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек.
«Жазбаларға қойылатын талап — этносаралық қарым-қатынастықты нығайту, еңбек адамы мен үлгілі отбасын насихаттау, қазақ тілінде өлең оқып, ән айтып, ізгі тілек жолдау, жол сапардан позитивті мақала жазу, тікелей репортаждар жасау. Байқауға кез-келген әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен блогерлер, баспасөз орталықтарының мамандары қатыса алады. Байқауға қатысу үшін жарыс ережесіне сай келетін материалды әлеуметтік желідегі Facebook, Вконтакте, Instagram парақшаларының бірінде жариялау қажет», — деді клуб төрағасы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазиева байқау шарттарына толығырақ тоқталды.
«Байқау жұмысына қойылатын талаптар: мәтіндік материалды «Шаңырақ» сөздерінен бастау; материалды жариялау жиілігі аптасына 3 жазбадан кем болмауы, жалпы жазба саны 30-дан кем болмауы тиіс; пост міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы қажет, материалдың көлемі 100 символдан аз болмауы керек; мәтіндік материалға суреті бар мақала жайлы хабарды қосу; постта #Шаңырақ хэштегін қолдану. Жарияланған материалдардың скриншоттарын арнайы файл папкасына жинақтап, байқаудың ұйымдастырушыларына 2021 жылдың 10-12 маусым аралығында тапсырылуы тиіс. Байқау жұмыстары мемлекеттік тілде қабылданады», — деді ол.
Айта кетерлігі, байқауға ұсынылған жұмыстар әлеуметтік желілерде немесе блог-тұғырнамаларда көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы бағаланады. Қаншалықты оқырманның көңілін аудара білгендігіне мән беріледі. Сондай-ақ, материалдың әсерлілігі және дұрыс бағыты ескеріледі. Байқаудың жалпы жүлдесі 1-орын үшін сыйақы көлемі – 150 000 теңге; 2-орын – 100 000 теңге; 3-орын – 80 000 теңге. Сонымен қатар, жеңімпаздардан басқа, байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге ынталандыру сыйлықтары тағайындалады. Байқаудың қорытындысы 2021 жылы маусым айында БАҚ мерекесі күні қарсаңында жарияланып, жеңімпаздар марапатталады. Байланыс телефондары: 8-775-820-36-92; 8-771-594-72-34, электронды пошта shanyrak_turkistan@mail.ru.
@DIDARBEK.KZ

 

Пікір жазу