Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТҮЙМЕБАЕВТЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН ТЫҢ ТАРИХ – 01

ТҮЙМЕБАЕВТЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН ТЫҢ ТАРИХ – 01

Оңтүстік Қазақстан облысы тарихи ескерткіштер мен киелі жерлер санынан елімізде көш бастап тұр. Оңтүстік Қазақстан облысына басшылық қызметке келгеніне бір жылдан асқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мемлекет үшін маңызды бағдарлама аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында ой толғайды:

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы алдағы он жылдыққа емес, жүз жылдыққа арналған мақала болып отыр. Онда бүкіл қазақ халқының болмыс бітімі, халық болып қалуы, ұлт болып ұйысуын әрі қарай ұрпақтарға жеткізу нақты көрсетілген. Мұнда әрбір ұлттың ұлттық коды, оның салт-дәстүрі, санасы, рухани байлығы, оның қазіргі замандағы өзін көрсетуі қаланған. Сондықтан да бұл мақала халқымыз үшін өте маңызды. Облыс есебінде нақты көрсетсек, бағдарламаның өзектілігі де арта түседі. Туған жер мәселесін алайық, өзінің туған елін, жерін, елін сыйламаған адамды ешқандай мемлекет те қадірлемейді. Осы орайда оңтүстіктің ерекше жерлеріне де назар аударғым келеді. Біріншіден – табиғаты. Мәселен, күнгейде табиғаты әсем жерлердің қатарында Ақсу – Жабағылы қорығы, Қасқасу аймағы,  Сырдария мен Арыс, Келес өзендері, Шардара су қоймасы, Алатау мен Қаратау сияқты таулары, Бетпақдала бар.  Соны қадірлеп, келешек ұрпақ үшін сақтау – күн тәртібінен түспейтін мәселе.

Қазір осы табиғаты әсем жерлерде туризмді дамытудың арнайы жоспарлары жасалып отыр. Бұл жерде бірінші мәселе тек қана сырттан келетін азаматтарға ғана емес, өзіміздің тұрғындарға да таныту болып отыр. Себебі, 3 млн.-ға жуық тұрғыны бар өңірде Ақсу – Жабағылы мен Қасқасуға бармаған азаматтар бар. Туған өлкесін азаматтар алдымен өздері жете тануы керек. Осы мақсатта алдымен арнайы кесте жасап, оқушыларға көрсетейік деп бастама көтердім. Нәтижесінде биылғы жазда балалар осы қорықты аралап, демалысын туған өңірінде өткізіп, мәз болып жатыр. Біздің облыста тұрып, бар түркінің киесі саналатын Түркістанды да көрмегендер бар. Яғни, ішкі әлеуетіміз үлкен.

Одан кейінгі мәселе, сырттан келген азаматтарға жағдай жасау. Қонақ үйлер салу, жолаушылар тасымалын сапалы ұйымдастыру, тағы сол сияқты жұмыстарды қолға алу маңызды болып тұр. Мысалы, «Тау самалы» деген жерде керемет тау шаңғысы базасы орналасқан. Киіз үйлер тігіліп, атпен қыдыру ұйымдастырылады, қымыз береді. Ол жерде сегіз қабатты қонақүй салынып бітіп жатыр. Мұндай сегіз қабатты қонақ үй Қазақстанның ешбір таулы жерінде жоқ. Жалпы терең тарихымыз бен таңғажайып табиғатымызды барша жұртқа танытатын боламыз».

Айнұр Ақбаева

Пікір жазу