Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АСТАНАДАН БАСТАУ АЛҒАН «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» КИЕЛІ ТҮРКІСТАНҒА ЖЕТТІ

АСТАНАДАН БАСТАУ АЛҒАН «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» КИЕЛІ ТҮРКІСТАНҒА ЖЕТТІ

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысушы шабандоздар киелі Түркістан шаһарына жетті.
Ұлттық спортты ұлықтаған шабандоздарды жанкүйер қауым ыстық ықыласпен қарсы алды. Алқалаған топтың ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Аманат партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов т.б. алыс-жақыннан келген меймандар болды.
12 күн бұрын бастау алған аламанда шабандоздар 1200 шақырымды бағындырып, Түркістанда түйіндейді.
Биыл тұңғыш рет өтіп отырған бұл бәйгенің баламасы әлемде жоқ деуге болады. Сайыстың соңғы күнінде 4 команда ғана жарыс жолын жалғастырып, Созақтан Түркістанға жол тартты. Олар – Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Жамбыл облыстарының шабандоздары.
Дүбірлі додаға Қазақстан бойынша 19 аймақ сәйгүлік қосқан. 1200 шақырымды әрі бірнеше өңірді қамтитын көшпелі бәйге әлемде жоқ. Бәйгенің жеңімпаздары санаулы минуттан соң белгілі болады. Жеңімпаздар Түркістан төрінде анықталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуі кезінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйге турасында арнайы тоқталды. Президент мәлімдемесі республика көлемінде өтіп жатқан дүбірлі доданың мән-маңызын айшықтай түсті.
«Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені», — деді Президент.
Айта кетейік, марафоншылар мәреге 12 күн ішінде атпен жетуі тиіс. Ұзақ жолға мойымаған шын мықтылар қомақты жүлдемен марапатталады.
Марафон-бәйгеге әр өңірден бір-бір команда қатыса алады. Бес шабандоздан құралған командалардың әрқайсысы өз аймағының намысын қорғауы тиіс. Іріктеуден өткен 20 команда 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан «Ұлы дала жорығына» аттанған болатын.

Пікір жазу