Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ОТБАСЫ БАНКТЕ «QAMQOR» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

ОТБАСЫ БАНКТЕ «QAMQOR» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

Ертең көптен күткен өңірлік «Qamqor» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталады. Жеңілдетілген шарттармен баспана сатып алу мүмкіндігіне ие бола алатын аталмыш бағдарлама бойынша заемның ең жоғары сомасы 20 млн теңге. Кредит мөлшерлемесі 5 пайызға тең, одан әрі ол жылына 3,8 пайызға дейін төмендейді. Ал, алғашқы жарна 10 пайызды құрайды. «Qamqor» бағдарламасы бойынша азаматтарды несиелендірудің бірінші траншының көлемі 3 млрд теңге. Қаражатты Шымкент қаласының әкімдігі бөліп отыр. Бұл туралы баспасөз брифингінде «Отбасы банктың» Шымкент қаласындағы өңірлік филиалы басшысының орынбасары Еркін Ахыншаев хабарлады.
–Шымкент қаласының тұрғындарынан «Qamqor» жаңа өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтінімдер 2023 жылдың 15 тамызы сағат 11.00 — 2023 жылдың 25 қыркүйегіне дейін қабылданады. «Отбасы банк» жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдап, ұпайларды санап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырады. Банк бұл процесті «Баспана маркет» порталында цифрландырады. Яғни, енді бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексерілетін болады. Бұл бағдарлама қатысушыларының пулын қалыптастырудағы адами факторды жойып, ұпай санау уақытын қысқартады. Өтінім қалдыру үшін «Qamqor» бағдарламасына қатысушылардың «Отбасы банкінде» шоты болуы шарт. Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайлар санына некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және «Отбасы банкінде» үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескеріледі,–деді Е.Ахыншаев.
Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады. «Qamqor» бағдарламасының қатысушылары порталдағы жеке кабинеттерінде жинаған ұпай санын өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң келесі күні көре алады. Қатысушылардың төлем қабілеттілігі тексеріліп, заем беріледі. Бұл қаражатқа алғашқы немесе екінші нарықтан, сондай-ақ кепілдікпен салынып жатқан тұрғын үйден баспана сатып алуға болады.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысу үшін жас мөлшері 63 жастан аспауы, үміткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда республика аумағында меншiгінде тұрғын үйi болмауы қажет. Сондай-ақ соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы, сала бойынша соңғы 12 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы тиіс.

Пікір жазу