Басты бет » Көкейтесті » 77 АЗАМАТТЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМЫН ТЫҢДАДЫ

77 АЗАМАТТЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМЫН ТЫҢДАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің басқарма басшылары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Жаңа форматта өткен кезекті шараға облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, Еңбек инспекциясы жөніндегі, Жер қатынастары, Жер испекциясы, Отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқармасының басшылары қатысып, тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдады. Ондағы мақсат – қордаланған мәселелерді шешу үшін билік пен бұқара арасына ашық диалог орнату жөніндегі облыс әкімінің тапсырмасын орындау.

Ашық түрде ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға түрлі түйіткілдерімен 77 азамат келді. Мамандар арызданушылардың көпшілігі жер және жұмыссыздық мәселесін көтергенін айтады.

«Алдыңғы шаралармен салыстырғанда соңғыcына шағымданушылар біршама көбірек келді. Жер инспекциясы мен Жер қатынастары басқармасына 40-қа жуық азаматтың арызы тіркелді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 16, Отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқармаға 12, ал Еңбек инспекциясы басқармасына 10 адам келіп мәселесін шешіп беруді өтінді», – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Берік Құлжанов.

Басқарма басшыларына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алған азаматтардың басым бөлігі жеке мәселелерін ортаға салды. Солардың бірі – шымкенттік азаматша Қайнарбұлақ елдімекеніндегі ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелеріне тұрғын үй салуға рұқсат алғысы келеді. Ал, Сағила Жасқараева Ақтас мөлтек ауданындағы жеке меншік үйінің құжаттарын рәсімдеуге көмек сұрады. Нұрлыгүл Тұрысбаева жұмыстан заңсыз босап қалғанын жеткізді. Басқарма басшылары тұрғындарды тыңдай келе олардың мұқтаждықтарын заң аясында қарап, оңтайлы шешуге ықпал ететіндіктерін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұл облыс әкімінің тапсырмасымен өткізіліп отырған төртінші қоғамдық қабылдау. Бүгінге дейін 18 басқарма басшылары азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады. Жаңа форматтағы соңғы іс-шара 8 ақпанда өтеді деп жоспарлануда. Ендігі кезекте тұрғындар экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Мемлекеттік сатып алу, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты арыздана алады.

Өз тілшімізден

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*