Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҰСТАЗДАРДЫҢ ТӘЛІМГЕРІ

ҰСТАЗДАРДЫҢ ТӘЛІМГЕРІ

Барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Мырзахмет Сарманов есімі ел тарихында қалатын асыл тұлғалардың қатарында. Білікті басшы, білгір ұйымдастырушы, көрнекті ұстаз болған оның есімі бүкіл түркістандықтарға белгілі болды десек те болады. Ұстаздық еңбек жолында Мырзахмет Сармановтың атқарған істері ұшан-теңіз. Ол басқарған, қызмет жасаған мектептің жұлдызы әрдайым жарқырап жанып, тәрбиелеген шәкірттері биік белестерді бағындырып көптеген жетістіктерге жетті. Өйткені, ол парасатты да әділ басшы, жан-жақты білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, алыстан ойлайтын алғыр да ардақты жан еді. Өмірінің 50 жылын білім саласына арнаған, ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Мырзахмет Сарманұлы 80 жастан асқан шағында өмірден озды.

Сарманов Мырзахмет 1941 жылы мамырдың 25 жұлдызында Отырар ауданы, Маяқұм кеңшарында дүниеге келген. Жоғары оқу орнын бітірісімен, алғашқы еңбек жолын қаламыздағы Никитин (қазіргі Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектеп), Ғ.Мұратбаев атындағы мектептерде тарих пәнінің мұғалімі қызметтерінен бастаған. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте директор, қалалық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі, Макаренко атындағы орта мектепте директор қызметтерін абыроймен атқарған ұлағатты ұстаз. Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектептің іргетасы қаланғаннан бастап, сол мектепті 20 жылдан астам уақыт басқарып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан.

ҚР «Еңбек сіңірген қызметкері», ҚР «Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл», ҚР «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Мырзахмет Сарманұлын түркістандықтар киелі қаламыздың ақылгөй қарияларының бірі, парасат пайымы мол ел ағасы, ардагер ұстаз ретінде құрмет тұтты.

Қарашаңырақ «Түркістан» басылымының көп жылғы оқырманы ғана емес, ара-арасында телефон шалып, өзінің ой-пікірін айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын Мырзахмет қария газет жанашыры болатын. Өнегелі қарияға жолығып, ардагер ұстаз ретінде ой-пікірлерін алу мақсатында жиі сұхбаттасып, әңгімелестік. Сондай сұхбаттың бірінде айтқан мына өнегелі сөзі жүрегімізде мәңгі сақталып қалды.

– Қазақ халқымыз қазiргi мамыражай заманды, күншуақты-тойымды бейбiт заманда өмiр сүрудi, яғни, осынау Тәуелсiздiктi ғасырлар бойы армандап келдi. Бүгiнде Қазақ елiнiң Тәуелсiздiк алғанына 30 жыл толуда. Шүкiр, жақсымыз. Ата-бабалар тiлегi қабыл болып, Елбасымыз бен Мемлекет басшысының биiк парасат, сарабдал саясатының арқасында халқымыздың күнi жарық, ұйқысы тыныш. Халқымызда «Тойсаң тоба қыл» деген нақыл сөз бар. Алланың көрсеткен жақсы күндерiне шүкiршiлiк етуiмiз керек. Алайда, «Бес саусақ бiрдей емес» дегендей, кейбiр атқамiнер азаматтарымыз бен жастарымыздың осы тойымдылыққа шүкiршiлiк етпей, рахат, бейбiтшiлiк заманды мiсе тұтпай әртүрлi кереғар тiрлiктерге барып жатқаны барға қанағат етiп өмiр сүре алмауының әсерi деп ойлаймын.

Құдайға шүкiр елiмiзде өнегелi қариялар да, оларды тыңдайтын жастарымыз да бар. Бiрақ, осы бейбiт күнге шүкiршiлiк ете алмаған жастарымыздың тәртiпсiздiк жолға кетiп жатқандары менi ойландырады. Сонымен қатар, бiр-бiрiн көре алмаушылық, бiр-бiрiне тұсау салу, бiр-бiрiне қиянат жасаушылық көбейiп кеттi. Иә, қазiр нарық заманы. Сауда, кәсiпкерлiк жасап дүние тап. Бiрақ адамгершiлiк қасиеттi, имандылықты, қазақы ұлттық болмысты, татулық пен бiрлiктi, ынтымақты жоғалтпау керек. Ал, қазiргi уақытта осы қасиеттер азайып, төмендеп бара жатыр. Мiне, осыған байланысты үлкен көрегендiлiкпен Елбасымыз рухани жаңғыру жасап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Рухани жаңғыру жан дүниенiң тазаруы. Жаңа бастамаларға қолдау көрсетiп, ескiнi бүгiнгi талаптарға сай жаңарту. Халық сана-сезiмiн жаңғырту арқылы үлкен бастамаларға бет бұрмақ. Мұның түпкi астарында жаманнан ада болып, жақсыға қарай ұмтылу деген терең философия жатыр.

Мұхаммед пайғамбардың бір өсиеті көршілермен тату болуға, бала-шағаңа қамқор болуға шақырады. Бұл өміріңді ұзартып, ырыс-берекеңді арттырады. Бұрын басшы болатын адам туралы көршісінен сұраған қандай болғанын білу үшін, кейін тоқтатып қойды. Осыны қолға алса құба-құп болар еді, – деп ақыл-кеңесін айта келе, ұсынысын да айтқан еді.

Ғұмыр бойы білім саласының адал сардары болған Мырзахмет қария балаларын да өзі сияқты елі мен жерін сүйетін, адал жолмен жүріп, асыл мұраттарға ұмтылатын арлы перзент қылып тәрбиелеп өсірді. Қазыналы қария Құдай қосқан қосағы Гүлнар Төлегенқызы екеуі өмірге әкелген 4 ұл мен 6 қыздарынан тараған немерелері мен шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешті. Ұрпақтары да әке үмітін ақтап, Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп, жолын жалғастырып жүрген өнегелі өрендер. «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» дегендей, батасымен елін көгертіп, өнегелі сөзімен ұрпағына тәлім-тәрбие беріп жүрген қариялардың бірі, әрі бірегейі болатын.

Беу, дүние-ай! Өмірлік тәжірибесінен сыр шертіп, жас ұрпақтың адал, жалқаулықтан алыс, жақсылыққа жақын болуларын тілеп, Отанын, елін, жерін сүйер азаматтар көп болса екен деген тілегін айтып, ақ батасын беріп отыратын өнегелі қария, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан ізгі жанның дүниеден өткеніне жыл толып отыр. Саналы өмірінің елу жылын білім саласының дамуына арнаған ұлағатты ұстаз жайлы естеліктерді тыңдасақ:

– Мен Мырзахмет Сарманұлының шәкірті ретінде ол кісіден көп өнеге алдым. Мырзахмет Сарманұлы «тура биде туған жоқ» дегендей, әділетсіздікке төзбейтін. Шындықтың бетіне тура қарайтын жан еді. Қаладағы түрлі педагогикалық кеңестерде өз ойын жасырмай, пікірталастарға тайсалмай қатысатын. Облыстан келген делегаттарға да қателігін бетіне басып, оны қалпына келтірудің жолдарын көрсетіп беретін. Мектептегі ұстаздар қауымының әрбірінің отбасының жағдайын бүге-шігесіне дейін біліп, қолынан келген көмегін аямайтын. Бәрінен бұрын «жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше» дегендей ашуының қайтымы тез. Бес минут бұрын сөзге келіп қалған адамымен қайта тез тіл табысып, ортақ қызметтің өзекті жайларын жедел шешуге кірісіп кететін. Мырзахмет Сарманұлы қаламыздағы қайталанбас тұлға деп ауыз толтырып айта аламын, – дейді білім саласының ардагері Кенжетай Құрманбайұлы.

– Ағай басқарған мектепте жас маман бола жүріп, көп тәлімін алдым. Нағыз көшбасшылық қасиеттерге ие, айбынынан ат үркетін, білім мекемесін әскери тәртіппен басқарған, небір білімді де талантты жастарды қанаттандырған абыройлы азамат екенін ел іші біледі. Мен жоғарғы оқу орнын бітірген соң, төрт мектепке жолдама алдым. Тым жас болғандығымнан шығар, үш мектептің директоры дипломымды ашып та қараған жоқ. Ал, Мырзахмет Сарманұлы дипломымды ашып қарап, «Айналайын, ертең ақ үлкен білім ошағының басшысы болып шығасың. Қорықпа, болашақ сендердікі», – деп оқу ісі жөніндегі орынбасарын шақырып алып, орыс тілі пәнінен мұғалім етті. Қашанда ағайдың үмітін ақтап, сенімінен шығуға жанұшырып қызмет еттік, – дейді Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, Мәншүк Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектебінің директоры Рая Ибадуллаева.

Ғұмырының жартысынан астам уақытын мектепте өткізіп, қазақ баласының білімді, әрі озық ойлы болуы үшін аянбай тер төккен ұлағатты ұстаздың елеулі еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі өнеге.

Ендеше, ғибратты ғұмыр иесі Мырзахмет Сарманұлы көкеміздің өнегелі қызмет жолы, жасаған еңбегі мен жарқын бейнесі ел есінде мәңгі сақталады.

Л.САРЫБАЕВА.

Пікір жазу