Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Саясат » Батыр Рақымжан Қошқарбаев

Батыр Рақымжан Қошқарбаев

Көп уақыт бойы Рейхстагқа ту тіккен кіші сержант Кантария екен деген пікір басым болды. Бірақ шын мәнісінде бәрі басқаша болғаны бәрімізге мәлім. Рейхстаг шабуылы кезінде 20-дан астам ту тігілген. Олардың ішінен ең алғашқылары қазақ Рақымжан Қошқарбаев және Григорий Булатов еді. 150-ші атқыштар дивизиясының соғыс қимылдары журналына сәйкес, 30 сәуір 1945 жылы сағат 14:25 кезінде лейтенант Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Булатов «жер бауырлап ғимараттың орталық бөлігіне келіп, бас кіреберістің сатысына қызыл туды орнатты». Бұл кезде Рейхстаг үшін күрестің ең қызып жатқан кезі еді. 

Туды орнатуды Қошқарбаевтың өзі былай сипаттайды: «Комбат Давыдов мені терезе қасына шақырды. «Көрдің бе, -дейді, — Рейсхстагты? Керекті адамдарды таңда, туды тігетін боласындар». Сосын маған сырты оралған, ауыр салмақты матаны берді. Бұл – қара қағазға оралған ту еді. Бір топ барлаушылармен терезеден шықтық. Біраз уақыттан кейін бәрімізге жерге жата қалуға тура келді. Атыс үдей түсті. Қасымда тек бір-ақ жауынгер қалды. Ол Григорий Булатов болған. «Біз не істейміз, жолдас лейтенант?»,-деп сұрай берді. Біз екеуіміз суға толы шұңқыр қасында жаттық. «Туда өз тегілерімізді жазып қояйық»,-деп ұсындым. Содан соң химиялық қарандашпен: «674 полк, 1 ботальон» сөздерін жаздық. Қасына өз аттарымызды қостық: «лейтенант Қошқарбаев, жауынгер Булатов». Сол жерде қараңғы батқанға дейін жатуға тура келді. Сосын артиллерия соққы жасай бастады. Осы сәтте Рейхстагқа қарай жүгірдік. Құрылысқа жеткен кезде мен Булатовты көтердім, оның бойы екінші қабатқа жетті. Екінші қабат деңгейінде туды орнаттық…». Қошқарбаевтың айтуы бойынша Рейхстаг алдындағы ашық 270 метрлік алаңды жер бауырлап өту үшін 7 сағат кетті.

Рақымжан Қошқарбаев жолдасының естелігі бойынша: «Ол сонда жеткен кезде, немістер ғимараттың жертөлесі мен жоғарғы қабаттарында болған. Рақымжан туды ілген кезде жауынгерлер рухтанып, «Ура!»,-деп шабуылға шықты. Осыдан кейін Рейхстаг құлайтыны анық болды».

«Рейхстагтың дәл кіреберісіне Қошқарбаев пен Булатов орнатқан полктік ту жай ғана қызыл матаға ұқсас еді. Кейін Қызыл Әскер Рейхстагқа шабуылын үдете түскен сәтте осындай тулар жан-жақтан орнатыла бастады. Бірақ туды Қошқарбаев пен Булатов орнатқанын барлық командирлер де, маршал Жуков та білетін. Алайда ресми Жеңіс Туын көтеру рәсіміне олар қатыстырылмады. Аталған ту соғыс қималдары аяқталғаннан кейін, 2 мамыр күні тігілді. Басшылықтың ұйғарымы бойынша туды орнатуға Кантария мен Егеров бекітілді. Ал алғаш болып туды тіккендер бұл категорияға кірмей қалды», – дейді Жанаев. Тарихта Егеров пен Кантария аттары алғашқы ту тігушілер болып қалды. Оларды таңдау астарында идеологиялық себептер болған.

Қошқарбаевтың жасаған ерлігі туралы жазушы Борис Горбатов, танымал кинооператор Роман Кармен өз пікірлерін ашық білдіріп кеткен. «Шын мәнісінде біздің жауынгерлерді бүркіт пен қыранмен салыстыру еш керек емес. Ешқандай бүркіт Қошқарбаевпен тең келе алмайды. Ол менің көзімше Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен. Бұндай батырды сипаттау үшін мүлдем басқа теңеулер мен образдар, жаң поэзия керек»,-деп жазып кеткен Горбатов. Ол мақаласы 18 желтоқсанда 1948 жылы шыққан «Литературная газетада» шыққан болатын.

Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігін мойындағандар арасында дивизиялық газетаның корреспонденті Василий Субботин болған. Өз кезінде журналист осы жайында бірнеше рет жазған еді. Субботиннің соңғы сақталған естеліктерінің бірінде аталған мәселе туралы пікірі анық байқалады. «Мен осы 15 жыл ішінде Қошқарбаев пен Булатов істеген ерлік ұмытылып бара жатқанына қынжыламын. Ешкімнің аты бұлардың ерлігін жасыра алмас».

Көптеген жылдар өткеннен кейін ғана қоғам тарихи әділеттілікті орнату бағытында мардымды қадамдар істей бастады. Бауыржан Момышұлы айтуымен жас қазақ журналисті Кәкімжан Қазыбаев 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Жас қазақтың ерлігі» атты мақала жариялады. Мақала арқылы батырлардың есімдерін бүкіл Кеңес Одағына танылды.

Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев «Алма-Ата» қонақ үйінің басқарушысы болып жұмыс істейді. Оған Кеңес Одағы батыры атағы берілмеді. Бауыржан Момышұлы, Кәкімжан Қазыбаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев секілді қоғам белсенділері Рақымжан Қошқарбаевқа Батыр атағы берілуіне әрекет еткен. Қонаевтың өзі Қошқарбаев пен Булатовты марапаттау туралы мәселені көтерген еді. Бірақ ол билік тарапынан жауапсыз қалды. Сол кездің өзінде Бауыржан Момышұлы ресей архивтеріне кіруге рұқсаты болатын. Сол арқылы Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағы батыры атағын беру туралы бұйрықты іздеп тапқан. Бірақ құжатта Сталиннің қолтаңбасы болған: «Бермеу!» (отказать). Неге? Себебі, Рақымжан Қошқарбаевтың әкесі 1937 жылы репрессияланған болатын.

Бірақ бұл әділетсіздік біздің жерлесімізді құлата алмады. Оның қызының айтуы бойынша, Рақымжан аға осы жағдайға байланысты ешқашан көңіл-күйін түсіріп, ренжіген емес. Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласының депутаты болып үш мәрте сайланған. «Жеңіс туы» және «Шабуыл» атты екі кітап жазып шыққан.

2005 жылы Әділ Медетбаев Рақымжан Қошқарбайұлы туралы «Шабуыл» атты деректі фильм түсірді. Ал жақында ресейдің ресми арнасы «Россия 24» Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігін мойындады. Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, Президент жарлығына сәйкес Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Түпнұсқа

Пікір жазу