Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » Қоғамдық кеңесте қабылданған Үндеу

Қоғамдық кеңесте қабылданған Үндеу

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің қоғамды біріктірудегі рөлі» атты облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрайымы А.Қапбарова  БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын ел ішіне іріткі салудан аулақ болып, халықты біріктіруге бастайтын төменде беріліп отырған үндеу жариялаған болатын.

ҮНДЕУ

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Бүгінде журналистика саласы – оқиғалар мен жаңалықтарды таратушы ғана емес, тұтастай алғанда өңірімізде, республикада және бүкіл әлемде болып жатқан жағдайларды талдап, сараптап, оның қалай өрістеп отырғанын айшықтайтын жетекші күш.

Баспасөз еркіндігі, сөз бостандығы, ашықтық пен жариялылық бүгінгі демократиялы қоғамымыздың негізгі құндылықтары ретінде қалыптасты. Бұқаралық ақпарат құралдарының, ондағы журналистердің кез келген тақырыпты қозғауына, ұстанымдары мен көзқарастарын еркін жеткізуіне ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен, осы еркіндікті теріс пайдаланып, жалған ақпарат таратып, әлеуметтік желілерде бүркеншік атпен отырып елдің ынтымақ-бірлігіне сына қағып, азаматтардың ар-намысы мен іскерлік қабілетіне күйе жағып жүргендер де бар.

Проблемаларды көтеріп қана қоймай, отқа май құйып, мәселені ушықтыруы, жалған ақапараттар таратып, елді дүрліктіруі, түрлі кереғар көзқарастары арқылы халықты адастыруы – адамгершілікке де, заңға да қайшы. Біз отандық журналистиканың бұлай іріткі салушы емес, біріктіруші күшке айналғанын қалаймыз. Өйткені, бүгінде ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналды.

Осының бәрін ескере отырып, өңірдегі БАҚ басшыларын, бас редакторлар мен журналистерді және әлеуметтік желі белсенділерін дәлелденбеген, жалған ақапараттарды таратпауға;

— жеке адамның қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, этносаралық және конфессияаралық келісімді бұзатын, зорлық-зобылықты, лаңкестік пен экстремизмді, рушылдықты қоздыратын ақпараттарды жарияламауға;

— өз шығармашылық қызметіміздің қоғамның ортақ мүдделеріне қайшы келмеуін және Қазақстан Республикасы заңдарының шеңберінен шықпауын үнемі қадағалауға;

— журналистік зерттеу жүргізгенде пікірлер, нанымдар, ұстанымдар мен көзқарастардың толық ауқымын қамтуға;

— проблемаларды көтергенде, сын материалдар дайындағанда мойнымызда моралдық, әлеуметтік және құқықтық жауапкершілік барын сезінуге, этикалық нормаларды бұзбауға, объективтіліктен айнымауға шақырамыз.

Журналистердің ауызбіршілігі бүкіл еліміздің ынтымақ-бірлігіне әсер ететінін естен шығармайық!

Пікір жазу