Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Отырарда болды

Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Отырарда болды

Бүгін Отырар ауданына Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рахмат Прамоно келді. Қасында жұбайы және елшілік қызметкерлері бар. Индонезия Қазақстанмен дипломатиялық қатынасты 1993 жылдың 2 маусымынан орнатты. Осы уақыттан бері екі елдің экономикалық және саяси қатынасы жақсы жолға қойылған. Енді міне, туристік бағытта да барыс-келіс жандана түспек. Р.Прамоно 2017 жылдың мамырынан біздің елде елшілік қызметте.


Құрметті қонақтар алдымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде болып, біздің өлкенің тарихымен терең танысып қатты қызығушылық білдірді. Мұнан соң меймандарымыз күллі мұсылман қауымы тәу ететін Арыстанбаб кесенесіне барып зиярат етті. Ағылшыншаға жүйрік музей қызметкері Нұрсейіт Әмзе Отырар мен Арыстанбаб тарихына және аңыздарға тоқталып, қонақтарды қызықтырған барлық сауалдарына жауап берді. Мәртебелі меймандарға қазақы дәстүрмен бауырсақ пен шұбат ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов үш тілде жарық көрген «Отырар жәдігерлері» атты альбом кітап пен құмырашы Жанұзақ Баумыш жасаған құмыраларды табыстады.


Жалпы, су мен ауадан ақша жасап отырған Индонезиядан үйренеріміз көп-ақ. Аралдар тізбегінен тұратын мемлекеттің бюджетін туризм саласы толтырып тұр. Басты байлығы жайлы климаты мен мәдениеті болып табылатын елдің туристерді тартуда бәсі жоғары. Әлемде адам саны жөнінен 4 орын (266 млн.), жер көлемі жағынан 14 орын алатын 88 проценті мұсылман болып табылатын елдің елшісі біздің өлкеден риза пейілмен аттанды.

Пікір жазу