Түркістан облысы полицейлері дүкенге ұрлыққа түскен жас жігітті «ізін суытпай» сол күні ұстады, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz .
Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз арызында үйінен ашылған дүкеніне ұры түсіп, 20 000 теңге болатын темекілерін, кассадағы 30 000 теңгеден астам ақшасын және тұрғын-үйінің ауласында орналасқан сарайынан 7 дана қыстық баллонын жымқырып кеткенін көрсетті. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 120 000-ға жуық теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркелді.
Хабарлама бойынша Ордабасы АПБ-нің жедел тергеу тобы оқиға орнына шығып, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жақын аймақтарды тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Ұрыны ұстау мақсатында полицейлер барлық қажетті шараларды жүзеге асырды. Күні бойы жүргізілген шұғыл іздестіру нәтижесінде, күдікті өз үйінен ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, бұрын сотты болған жас жігіт болып шықты.
Тергеу барысында азық-түлік дүкеніне күдікті, есігін сындыру арқылы заңсыз кіргені айқындалды. Жымысқы ойын іске асырғаннан кейін оқиға орнынан бой тасалаған. Күдіктіден айғақты зат ретінде баллондар тәркіленіп алынды.
Қазіргі уақытта, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға ескертеді. Пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында үйіңізге бейнебақылау камерасын орнатып, аулаңызды жарықтандырып,қоршауыңызды мықтылап бекітіңіз.
© DIDARBEK.kz