Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЕРЛІКТЕРІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ЕРЛІКТЕРІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Қадірменді шардаралықтар!

Құрметті әскери қызметкерлер!

Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен және Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, біздердің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл – аға буынның жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жеңісі. Қаһарман қайсарлықтың хас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігерлерінің жемісі.
Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қаншама жауынгерлер майдан даласында Отан үшін опат болды. Соғыстың ұзақ та сұрапыл жолдарымен өткен аға буын ардагерлеріміз әлемді фашизмнен азат етті. Біздер Отанымызды қорғап, Жеңіс жолында өз өмірін құрбан еткендердің қаһармандық ерлігін ешқашан ұмытпауға тиіспіз.
Соғыс жылдары Жеңіс күнін жақындатудағы тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі ерекше болды. Олар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деп аянбай еңбек етіп, отан қорғаушыларды киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қабырғасы қатып, буыны бекімеген қаршадай балалар, өрімдей қыз-келіншектер тұрмыстың ауыр тауқыметіне жасымай, мойымай ерліктің ерен үлгісін көрсете білді.
Сондықтан кейінгі ұрпақтың амандығы мен жарқын болашағы үшін отқа түсіп, қайғы қасіретті жеңе білген соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жанкешті ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Жыл сайын ҰОС-ардагерлерінің қатары сиреп барады. Отан қорғауға біздің ауданнан аттанған майдангерлердің ерлігін ешқашан естен шығармай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру-біздің қасиетті борышымыз деп білемін.
1992 жылы 7 мамырда құрылған Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылуы мемлекетіміздің тарихында жаңа кезең болды. Әрбір мемлекеттің дамуы үшін ең алдымен тұрақтылық және қуатты әскер қажет. Мемлекет тұтастығын сақтау, ел тыныштығын күзету, шекараны берік ұстау- еңселі елдің белгісі. Сондықтан бүгінгі мереке ел тарихын қадірлейтін, болашағына сенетін ерлікті, тұрақтылықты, тыныштықты, батырлықты бағалайтын қоғам үшін аса маңызды.
Қазіргі бейбіт заманда аға ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрін жалғастырып келе жатқан бүгінгі сарбаздар өз Отанын, ел тыныштығын қорғауда еселі еңбек етуде.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Отан қорғаушылар күні салтанатпен аталып өтілуінде ұрпақтар сабақтастығының үлкен мәні бар.Кейінгі ұрпақ аталары мен апаларының ерлік, отансүйгіштік дәстүрін лайықты жалғастыруда.

Құрметті жерлестер!

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 28 жылдық мерекесі құтты болсын. Тәуелсіз Қазақстанымызда әрқашан да бейбітшілік болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ынтымақ пен амандық тілеймін.

Құрметпен,
Шардара ауданының әкімі
Қайрат Жолдыбай!

Пікір жазу