Мақтаарал ауданындағы орын алған төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Бүгін, Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» КММ-нің ұжымы су басқан аймақтағы тұрғындар уақытша орналасқан эвакуациялық орталықтарға арнайы келді. Тосыннан болған апаттан әбігерге түсіп, күйзеліске ұшыраған тұрғындарды рухани қолдау және балаларға қуаныш сыйлау мақсатында Атакент кентіндегі N5 Мақтаарал мектеп — гимназиясында орналасқан бүлдіршіндерге анимациялық фильмдер көрсетті.
Түркістан облысында түсірілген тарихи туындылар мен тәрбиелік мәні жоғары мультфильмдер балалардың көңілінен шығып, керемет көңіл-күй сыйлады. Ата — аналар да дән риза.
Орын алған топан судың әсерінен жас балалардың шошып қалғаны анық. Осы орайда, мекеме қызметкерлерінің басты мақсаты бір сәтке болса да бүлдіршіндердің көңілін аулап, қуаныш сыйлау болды.
Екі күнге жоспарланған іс-сапар барысында мекеме қызметкерлері барлық эвакуациялық орталықтарға барып, көрсетілімдер жасамақ. Бұл туралы «Оңтүстікфильм» КММ-нің директоры Нарикова Райхан мәлімдеді.
© DIDARBEK.kz