Биылғы тышқан жылы Түркістан облысына оңай тиіп жатқан жоқ. Әлемді дүрліктірген індет біраз діңкелетсе, артынша түстік өңірдің шаруалары қыруар тонна қырыққабатын саудалай алмай қиналды. Осы ретте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметке дер кезінде мәселемен шығып, түйткілді түйіннің тез тарқатылуына барынша атсалысты. Осылайша бұл қиындықтарды енді еңсердік пе дегенде, Мақтааралдағы 5 ауылды топан су шайып кетті. Мұндайда «Бір айналдырғанды, шыр айналдырады» деген тәмсіл еске сарт ете қалатыны жасырын емес.
Енді міне Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында жауынның мөлшерден тыс жауғанынан өзен сулары тасып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Жоғарыдағы аты аталған қиындықтардың басы-қасында күн демей, түн демей жүрген облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің мықтылығын мойындау керек.
Жаратқан қиындықты да жеңе алатын, көтере алатын адамға береді дейді ғой. Коронавирус кең етек алып, жайылып бара жатқанда Түркістандағы құрылысты бір сәтке де бәсеңдеткен жоқ. Бетпердесін тағынып ап киелі шаһардағы құрылыс нысандарын тыным таппай аралаумен болды.
Артынша қырыққабат тасымалындағы тосқауылды бұзып, диқандардың дақылдарын саудалап алуына жол ашты. Сөйтіп жүргенде Мақтааралдағы 5 ауыл Сардоба су қоймасынан келген топан су құрсауында қалды. Онда да облыс әкімі өзінің тәжірбиесін, іскерлігін, әбжалдығын танытты. Ауданға келе сала тікұшақпен қауіпті аймақты барлап шығып, шұғыл әрекет етуге тапсырма берді. Орталықтандырылған қойма құрылды. Эвакуациялық орындар нақтыланып, көшіру, қоныстандыру, азық-түлік басқа да керек-жарақпен қамтамасыз ету ісін жолға қойды.
Мыңға жуық маманды ауданға жинап, дереу әрекет етуге үндеді. Өзі келіссөздер жүргізіп, қауіптің бетін қайтару үшін Өзбекстанға аттанды. Өңір басшысының осы сапары өте сәтті өтті деуге әбден болады.
«Елдестірмек елшіден» дегендей әкім Ташкенттен келе сала топан судың беті қайта бастады. Ертесіне Өзбекстан тарапы 100 арнайы техникасын қомдап, 200 сарбазымен көмекке келді. Дереу үй салатын жер белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Сол-ақ екен, әлемдік деңгейдегі миллиардер Әлішер Усманов та «Мақтаарал халқы үшін 5 млн АҚШ долларын бөлемін» деп жар салды. Дәл осы кезде үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Мақтааралға арнайы келіп, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлымен бірге тұрғындармен кездесіп, мемлекет тарапынан берілетін көмектерді жария етті.
Қазір Мақтааралдағы жағдай тұрақталды. Елдің алды көмек қаржыларын ала бастады. Құрылыстың басталғанын көріп, қуанып, облыс әкіміне алыстарын жаудыруда.
Халықпен кездесуінде өңір басшысының айтқан мына бір сөзі маған да ерекше әсер етті. Өмірзақ Шөкеев халықпен жүздесуінде: «Оқиға орын ала салысымен мен Мақтааралға келдім. Жағдай қиын екенін бірден ұқтым. Тікұшақпен барлап шыға салысымен топан судың бетін тоқтатуды ойладым. Қалай тоқтауға болады? Не істесек өзге ауылдарды аман алып қаламыз? Міне осы сұрақтар мені қатты мазалады. Сөйтіп дереу Өзбекстанға аттанып кеттім. Бар салысымен келіссіөздер жүргізіп, Сардобадан шығып жатқан судың алдын бөгеуге бірге әрекет етуге шақырдым. Осы сапарым сәтті болды деп айта аламын. Оның үстіне сіздерге де нақты жауаппен келіп, мемлекет тарапынан нақты қандай көмектер берілетінін анықтап алайын деп ойладым. Міне, бүгін сіздерге мән-жайдың бәрін өз аузыммен айтып, қуантқалы келіп отырмын. Мемлекет үйлеріңізді салып беретін болды. Мал және егістік шығындары да өтелетін болады. Сіздерге барлық жағдай жасалады. Мен сіздермен біргемін. Алла қаласа су жаңа үйлерге қоныстанып, бұл қиын күндерді ұмытып кететін боласыздар» деген еді.
© Айдар Сейдазым,
Ақын, журналист