Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » 100-ДЕН ЖОҒАРЫ БАЛ ЖИНАДЫ

100-ДЕН ЖОҒАРЫ БАЛ ЖИНАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында  ҰБТ-дан 100-ден  жоғары балл  жинаған оқушылар саны  4113-ке жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 675 оқушыға артық.  Ал, 100-ден 120 балға дейін жинағандар саны – 3004,  121 мен 140 бал аралығында жинағандар – 1109 оқушыны құрады.  Бұл туралы бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеу мен қабылдау емтихандарының қорытындылары талқыланған ҚР Үкіметінің кезекті селекторлық отырысында белгілі болды. Жиынға облыс әкімі Ж.Түймебаев және өңірдегі сала жетекшілері онлайн режимінде қатысты.

Жалпы республика бойынша  ҰБТ-ға 88 595 адам қатысып бақ сынаған.  Бұл өтінім бергендердің 95 пайызын құрса, тестілеу қорытындысына сәйкес республика бойынша орташа балл 80,5 балға пара-пар болған.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2016-2017 оқу жылында 11 сыныпты  32 871 оқушы бітірді.  Олардың 21 668 немесе 78,2 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш беріп, 21323 бітіруші тестілеуге қатысқан.  Тестілеуге қатыспаған 345 оқушының 312-і  өз өтінішімен, 29 денсаулығына байланысты, ал 4 оқушы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен (халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жеңімпазы) ҰБТ-дан босатылған. 2017 жылғы ҰБТ қорытындысымен облыстың орта балы – 76,8 балды құрады.

Ағымдағы жылы ҰБТ ережесіне сәйкес тест тапсырған 21323 бітірушінің 882 немесе  4 пайызы шығармашылық емтиханға қатысты.

Шекті деңгейден өтпеген яғни 50 балдан төмен жинаған оқушылар саны – 2 776. Межелік деңгейден өтпегендер тестілеуден қайтадан өте алады. Құжаттарды қабылдау 1-8 тамыз аралығында, ал тестілеу – 19-24 тамыз аралығында өтеді. Межелік деңгейден екінші ретте де өтпей қалған жағдайда ЖОО-ға бір семестрге ақылы негізде оқуға мүмкіндік беріледі.

Облыстағы 1347 «Алтын белгі» иегерлерінің 1327 оқушысы ҰБТ-ға қатысты. ҰБТ-дан босатылған 20 оқушының  3 оқушысы халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жеңімпазы болса,  17-сі шетелге грантпен оқуға түскендер.

Еске сала кетейік, облыс мектептерінің бітірушілері республика бітірушілерінің 25 пайызын құраса, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын республика бітірушілерінің 23,7 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының түлектері.

Өз тілшімізден

Пікір жазу