Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » «QAZAQ ARBASY»-ЫН ОЙЛАП ТАПТЫ

«QAZAQ ARBASY»-ЫН ОЙЛАП ТАПТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық кодты сақтай білу арқылы ұлттық сананы жаңғырту жайын айтқан еді.

«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деген-ді Мемлекет басшысы.

Осыған орай, оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Еркінбек Бөкебаев дәстүрді сақтап қалудың тың үлгісі  ретінде қазақтың ескі пішіндегі арбасының үстіне киіз үйді қондырған жылжымалы дүңгіршек – «Qazaq Arbasy»-ын ойлап тапты. Мұны қарабайыр дүние деп ойламаңыз. Оны жасау үшін соңғы үлгідегі заманауи материалдар жұмсалды және олардың көпшілігі шетелден арнайы тапсырыспен сатып алынды. Бұл арба қазақтың қымыз-қымыран секілді ұлттық сусындарын сатуға арналған.

Өнертапқыш осындай дүниені 2011 жылы жасауға кірісіпті. Бірінші нұсқасы жеміс-жидек сататын арба болды. Кәдімгі дөңгелекпен жүретін, үстінде сонау Санкт-Петербургте тоқылған кәрзеңкесі бар, бірақ заманауи арба. Оны 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сарыағаш ауданына іссапармен келген кезде таныстырған. Сонда өнертапқыштың туындысын жоғары бағалаған Президентіміз оған «Qazaq Arbasy» деген атау беріпті. Содан кейін мұндай арбаның тағы бір нұсқасы жасалды. Біз әңгімелеп отырған киіз үй пішіндес түрі «Qazaq Arbasy»-ның соңғы нұсқасы.

Оны құрастыруды Еркінбек Тәженұлы биыл бастаған. Сөйтіп 8 айда ойлап тапқан 5-6 түрінің ішінен осы нұсқасын таңдаған. Бұл арбаны жасап шығару үшін өнертапқыш 5 млн. теңге қаражат жұмсаған. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, арбаның жабдықтары заманауи материалдардан жасалған. Сондықтан оның бағасы да қымбат. Оның үстіне көпшілігі мұхит асып, шетелден әкелінген. Мәселен, 100 ватт электр энергиясын беретін күн батареясы—АҚШ-тың өнімі. Оның ерекшелігі — салмағының жеңілдігінде. Бар-жоғы 2,5 келі тартады. Дәл осындай батареяның қытайлық нұсқасы бұған қарағанда он есе ауыр. Сондай-ақ, киіз үйдің сырты шыны мақтадан жасалған арнайы торлы матамен көлегейленген. Ол арбаның өзін және клиенттерді күн көзінен қорғау үшін қажет. Мұны да өнертапқыш АҚШ-тан әкеліпті. Бұл матаның артықшылығы, күннен келетін ыстықтың 95 пайызын кері қайтарады. Бұдан бөлек, 350 литр ұлттық сусындарды сақтауға шақталған тоңазытқыш орнатылған. Оны да өнертапқыш өзінің сызбасы бойынша Алматыдан арнайы жасатып әкелген. Себебі, зауыттарда шығарылған дайын тоңазытқыштар 20-30 сантиметрге биік, ал ол клиенттерге, әсіресе балаларға қызмет көрсетуде ыңғайсыздық тудыратын көрінеді. Қысқасы, сусындар тоңазытқышта сақталады, босаған ыдыстарды шаятын кәдімгі қолжуғыш бар. Одан күніне 30 литр таза су ағады. Мұның санитарлық-гигиеналық тазалықты қамтамасыз етуге септігі зор. Клиент тазалықты сүйеді. Сондықтан сауданың да көрігі қызатынына еш шүбә жоқ. Сонымен қатар, арба үстіндегі дүңгіршек қазақтың дәстүріне сай ерекше дизайнмен жасалғандықтан көзге өте әдемі көрінеді. Бұл шетелдік туристерді қызықтырмай қоймайтыны анық. Сонда табыс та табамыз, әрі ұлттық сусындарымызды өзгелерге насихаттаймыз.

Еркінбек Тәженұлы «Qazaq Arbasy»-ын киіз үй пішінінде жасауға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы түрткі болғанын айтады.  Президентіміз бұл бағдарламалық мақаласында ұлттық кодымызды сақтау үшін әлемдік өркениет көшінен қалып қоймауға, сонымен бірге, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғасып келе жатқан салт-санамыз бен дәстүрлерімізді ұмытпауға, керісінше, заман ағымына бейімдеп отыруға шақырады. Міне, сондықтан да өнертапқыштың бар арманы ұлттық сусындарымыз бен киіз үйіміздің бүгінгі әлемнің ажырамас бір бөлшегіне айналып, заман ағымы қалай өзгерсе де қоғамда өз қажеттілігін жоғалтпай, халықпен бірге мәңгі жасай беруі.

«Біздің дүниемізді еліміздің дизайнерлер одағы, қазақ тағамтану академиясы толығымен қолдап отыр. Тіпті, академик Төрегелді Шармановтың өзі киіз үйдің шаңырағына қарап ішкен сусынның адам бойына тез сіңетіні жөнінде ғылыми дәйектер келтіруде. Жалпы, жылжымалы механизм алғаш рет қазақ даласында ойлап табылған. Қазақ халқы бағзы замандардан бері сайын сахарада көшіп-қонарда арба, күймені пайдаланған. Бұл туралы ортағасырлық әйгілі жиһанкездердің еңбектерінен кездестіруге болады. Мәселен, қазақтарда киіз үйлі арба болғандығы туралы құжаттар, соның ішінде мұндай арбаның көне сызбалары Париждегі ескі архивтердің бірінен табылды. Сондықтан заманауи арбаны салт-дәстүрімізді бүгінгі заманға лайықтап, екінші өмір сыйлайтын нағыз рухани жаңғыруға жатқызуымызға болады. Соның үлгісі бойынша келешекте тағы да 20 арба жасауға мүмкіншілігіміз бар. Егер мемлекеттен тиісті қолдаулар болып жатса, оны өндірістік жолға қоюға толық мүмкіндік жетеді. Оның үстіне, көптеген маңызды бөлшектерін өзімізде шығару арқылы да өзіндік құнын төмендетуге әбден болады. Алдағы уақытта туындыны Оңтүстік Қазақстан облысының атынан Астанадағы ЭКСПО – 2017 көрмесіне апаруды жоспарлап отырмыз», – дейді өнертапқыш Е.Бөкебаев.

Өз тілшімізден

Пікір жазу