«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында 29 тамыз бен 3 қыркүйек күндері Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтеді. Оңтүстік Қазақстанның күндері аясында облыстың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен байлығын паш ететін 43 мәдени көпшілік іс-шарасы елордалықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлім етті. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен бірге жауапты басқарма басшылары қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдениет күндеріне арналған шаралар жайын баяндады. Осы жылдың 7 айының қорытындысымен облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталғанын айтқан аймақ басшысының орынбасары облыста жыл басынан бері 439,1 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға өскенін айтты. «Оңтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы (2015-2019 жж.) аясында жалпы сомасы 47,1 млрд. теңгені құрайтын 47 жоба іске асырылып, 1 650 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, осы жылы құны 1,7 млрд. теңге болатын 3 жоба іске қосылса, жыл соңына дейін 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін өнеркәсіп өнім көлемін 850 млрд. теңгеге жеткізіп, 2,1% өсімін қамтамасыз ету көзделуде. Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 229,9 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 31,5%-ға артты (2016 ж. 166,4 млрд.теңге). Оның ішінде сыртқы инвестициялар 42,3 млрд. теңгені құрап, үлесі 14,1%-дан 16,9%-ға көбейген», – деді өз баяндамасында Ұ.Сәдібеков. Оңтүстік өлкесінің бітімі бөлек, тарихы терең өңiр екеніне тоқталған аймақ басшысының орынбасары бес күнге созылатын Оңтүстік күндері аясында өтетін іс-шараларға барша астаналықтар мен қонақтарды шақырды. «Оңтүстік күндерінің алғашқы шарасы шетел мемлекеттерінің Қазақстандағы 30-дан астам елшілері қатысатын бизнес-форуммен ашылды. Ал осы аралықта оңтүстікқазақстандық өнер майталмандары «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» өнер керуені, «Сәлем Астана!, Сәлем, ЭКСПО!», «Оңтүстік әзілдері» шоу-концерттерін ұсынса, өңіріміздің тарихи құндылығы мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін көрнекті жәдігерлердің көрмесі мен тарихтан сыр шертетін суретшілер мен қолөнершілер бұйымдарының көрмелері өткізіледі. Бұдан бөлек, астаналықтар «Бәйтерек» алаңында бір мезетте 600 жас домбырашының орындауындағы күйді тамашалай алады», – деді әкім орынбасары.