Шымкенттегі темір жол вокзалында коронавирусқа қарсы тәртіп күшейтілді. Әлеуметтік ара қашықтық, бетперде режимі, вагондар арасында жолаушылардың жүріп — тұруы талапқа сай жүргізілуде.
Ал, жолаушылардың дене температурасы ғимараттың ішіне кіреберісте автоматты түрде анықталып, күзетшілерге монитор арқылы белгі береді. Ауа баптағыш құрылғылар арқылы дизенфекциялық жұмыстар жүргізіледі.
– Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ғимарат тазалығына 10 қызметкер жұмылдырылған. Күніне 4 мезгіл дизенфекция жасалады. Жазғы демалыс маусымы басталғалы пойыз жол қызметіне жүгінген жолаушылар қатары артты. Бүгінгі таңда санитарлық талаптарды сақтауды қатаң бақылауға алдық, — дейді Шымкент Темір жол вокзалының басшысы Ерғали Мырзахмет.
Еске сала кетейік, елімізде жолаушылар пойызы бірінші маусымнан бастап жүре бастады. Осы уақытқа дейін Шымкент темір жол вокзалынан 7000-ға жуық билет сатылған.
Осыған байланысты, медицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады.
© DIDARBEK.kz