Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Құрбан айт мерекесіне орай, Шымкент қаласында орналасқан Ардагерлер үйіне барып, ондағы демалушы қарияларды мерекемен құттықтады. Мұсылман жұртының қасиетті мерекесі саналатын осынау ұлық мейрамда 200-ге жуық қазыналы қартқа айттық дастархан жайып, сый-сияпат жасады.
«Бүгінгі дастархан басында «Соғыс ардагерлері», «Еңбек ардагерлері», «Батыр аналар» сынды айрықша құрметке ие алдыңғы буын аға-апалар отыр. Сіздер, бүкіл ғұмырларыңызды еліміздің өсіп, өркендеуіне – болашақ жастарымыздың жақсы жағдайда жетілуіне бағыштадыңыздар. Сондықтан, осындай емдеу-сауықтыру орталығына келіп, ем-дом алып тұруға әбден лайықтысыздар. Мұнда емделуші екі адамға бір қызметкерден бөлінген. Одан бөлек, ардагерлеріміз үшін түрлі емдік процедураларды ұсынған кабинеттер жеткілікті. Елбасының еліміздің әлеуметтік салалары – денсаулық сақтау мен білім беру салаларына айрықша көңіл бөліп отырғанын білесіздер. Демек, мемлекетіміздің осындай қамқорлығы одан әрмен де жалғасын таба беретініне сенімім кәміл», – деді облыс басшысы.
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты «Ардагерлер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бүгінде 175 ардагер – тыл еңбеккерлері мен зейнеткерлер, батыр аналар мен мүгедектер, сондай-ақ, ауған соғысының ардагерлері емдік-сауықтыру шараларынан өтуде.
Әрбір он бес күнде 200 ардагерді қабылдайтын емдеу-сауықтыру орталығында жылына 4 мың ҰОС ардагерлері мен соларға теңестірілгендер, «Халық қаһарманы» атағын иеленгендер, ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденімен марапатталғандар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталғандар және жасына, мүгедектігіне байланысты зейнеткерлер емделеді.