Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындарды аралап көрді. Жұмысшы топ шыны бұйымдар шығаратын «Еврокристалл» зауыты болып, өндірістік процесспен және дайын өнім түрлерімен танысты. Айта кетейік, кәсіпорында түрлі қалыпта, сыйымдылығы 200 мл-ден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар әзірленеді. Осынау өнімдерге Қазақстанның барлық аймағы мен Қырғызстаннан тапсырыстар келіп түсуде. Жылына 200 млн дана шыны құты шығаруға қауқарлы кәсіпорында 350 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жұмысымен таныстырған серіктестіктің бас директоры Рустам Сухов бүгінде зауыт жұмысының 95 пайызы автоматтандырылғанын және жұмыс iстеу аясын кеңейтiп, көмiрқышқыл газын өндiрудi қолға алғанын атап өтті.

Бақытжан Сағынтаев бастаған делегация керамогранит өндірісімен айналысатын «Зерде-Керамика» кәсіпорнында болып, елімізде баламасы жоқ зауыттың өнім түрлерімен танысты. Кәсіпорын жыл соңында өндірістің екінші желісін іске қосып, өнім көлемін 2 миллионнан 4,5 млн шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлауда. Жоба импортты алмастыру бағытында жұмыс істейді. Мұнда экспорттың үлесі 30 пайыз болса, қалған 70 пайызы еліміздің өзге облыстарына жөнелтілуде. Өндірістегі итальяндық автоматтандырылған жүйе бар шаруаны – құрауыш шикізаттарды араластырып, дайын өнімді қаптауға дейін атқара алады. Ал техниканың қызметін 140 адам қадағалап отырады. Ал мұндағы шикізаттың 60 пайызы жергілікті болса, 40 пайызы шетелден тасымалданады.

Айта кетейік, бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы сомасы 55,8 млрд теңге болатын 85 жоба жүзеге асырылуда. Бес мың жұмыс орны ашылған. Бүгінде құны 21,4 млрд теңге болатын 46 жобасы іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр.

Өз тілшімізден

Пікір жазу