Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАНАТЫН ШАРАЛАР

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАНАТЫН ШАРАЛАР

«2022 жыл Балалар жылына» және жаңа оқу жылының басталуына орай қала тұрғындарымен балалардың қауіпсіздігін сақтау және құқығын қорғау мақсатында Түркістан қаласындағы білім беру мекемелерінде қалалық құқық қорғау қызметкерлерімен түсіндіру — профилактикалық жұмыстар жалғасын табуда.
Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана — сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар — ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата — ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
Түркістан қаласы Полиция департаментінің штаттық құрамында ювеналды полицияның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 23 учаскелік полиция инспекторы және 32 мектеп инспекторы қызмет атқарады.
Олардың жұмысы жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Күн сайын еліміздің қалаларында, ауылдарында автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, қалалық жерлерде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір көп. Оның ішіндегі жас балалардың апатқа жиі ұшырайтыны: жастай өмірмен қоштасып, орны толмас өкінішке әкелетіні немесе ауыр жарақат алып, кейбірі өмірлік мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның себептері: көптеген оқушылар жолда жүру ережесін сақтай білмеуінде. Олар көбіне ереже талабын бұзып, асығыстық жасап, жүгіріп өтуге ұмтылады. Асыға жолға жүгіріп шыққан баланың қауіпке ұшырайтыны, өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қатер төндіретіні баршаңызға мәлім. Осындай оқиғаларды болдырмас үшін мектепте мұғалім, үйде ата — ана балаға үнемі жолда жүру ережесін ескертіп отыруы міндетті. Әдетте кез келген ата — ана балаларды мектепке шығарып саларда «жолдан жүгіріп өтуші болма, машина қағып кетеді» деген ескертуден аса алмайды. Бұл — әрине, жеткіліксіз.
Бастауыш сынып оқушысы үшін үйден мектепке дейінгі жол қиындықтарын білуі тиіс. Сол үшін ата — анасы баласына жол — жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөліп, үйреткені дұрыс. Жол көлікпен қатынасатын оқушыға ата — анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған және ата-анасының бақылауынсыз жүрген балаларды анықтау бойынша түнгі іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері түңгі уақытта ойын-сауық орындарында және заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 802 жасөспірім анықталды.
Ішкі істер органының есебінде тұратын 130 жасөспірім және 57 отбасыға профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, тұрғылықты мекен жайы бойынша тексеріліп тұрады.
Сонымен қатар,білім беру ұйымдарына бекітілген мектеп полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша, қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшелерде жүргенде және бөтен адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы оқушылармен 320 кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Профилактикалық жұмыстармен қатар, ювеналды полиция инспекторлары күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі уақытта мектеп аумағында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқарып, оқушылардың оқу-сабағына қауіпсіз келіп кетуін қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қатаң бақылауға алынған, және бұл бағытта жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Пікір жазу