Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ, білмейді де» деген екен.
Қазақстанның бүгінде егеменді тәуелсіз ел ретінде төрткүл дүниеге танылып, зайырлы мемлекет ретінде қалыптасуы — осы ұлттық рухтың, ата-баба аманатына адалдықтың жемісі.
Қазақ елінің тәуелсіздігі – асқақ арман мен қайсар рухтың нәтижесі. Ежелден қазақтың рухы, ар — ожданы азаттықты тіледі. Сол үшін күресті. Ата-бабамыз ұлттық тілді, дәстүрді, салт – сананы сақтап, егемендігіміздің мызғымас тірегіне айналдырды. Сол себепті Тәуелсіздік күні – біз үшін оң өзгерістер мен игіліктер бастау алған ең қастерлі мереке.
Тарихты жасайтын тұлғалардың тағлымы кейінгі ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашып, әлемдік өркениеттің дамуына ықпал еткені тарихтан аян. Бүгінгі бейбіт заманымыз бен азаттығымыз, жеткен жетістіктеріміз үшін де біз Желтоқсан қаһармандарының ерлігіне бас иеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, дінаралық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани—мәдени жаңғыруға қол жеткізіп, халықты ортақ мақсат пен мүддеге жұмылдырды. Соның арқасында еліміз даму жолында кездескен дағдарыстарды жеңіп, қиындықтарды еңсере білді.
Қадірлі жерлестер!
Тәуелсіздікті бағалаған адамның, аялаған қоғамның басына тұрақтайтын бақытқа теңейді жұрт. Халқы тату, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы қандай болары Сіздер мен Бізге байланысты! Сондықтан, Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден қуат алып, әрдайым ілгеріге ұмтылайық!
Баршаңызды Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, елімізге амандық, әр шаңыраққа шаттық, мол ырыс, бақ пен дәулет тілеймін!
Аспанымыз ашық, бақытымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Ізгі ниетпен, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков