Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА «БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ» ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАНДА «БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ» ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Бүгін Түркістан қаласындағы М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебінде «Балаларға базарлық» жобасы қорытындыланды. «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш кешке Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны болатын. Осының аясында елімізде, соның ішінде Түркістан облысында көптеген шаралар өткізілді. Соның ішінде мәдениет саласында, спорт пен білім саласында байқаулар, сайыстар мен фестивальдер, кездесулер ұйымдастырылды. Басқарма тарапынан жыл бойы «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалі өтіп, жақында қорытындыланды. Сондай-ақ «Оңтүстікфильм» мекемесі де «Балаларға базарлық» деп жыл бойы аудан-қалалар мен облыс орталығындағы мектептерді аралап, Түркістанда түсірілген көркем және анимациялық фильмдер көрсетілді. Кино өнері балаларға үлкен тәрбие мен білім беріп қана қоймай, болашағына жол сілтейді. Бұл фильмдерде батыр бабаларымыз бен ұлы тұлғаларымыздан бастап, төл тарихымыз бейнеленген, – деді Асылхан Темірханұлы.
Сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары өңіріміздің кино саласын кеңінен насихатттауға атсалысқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Атап айтсақ, «Шұғылалы таң» қоғамдық қайырымдылық қорының төрайымы Дана Орманова, Н.Төреқұлов атындағы музей басшысы Омар Жексенбаевқа, Сауран ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Қалеке сынды әріптестер басқарма басшының Алғыс хаты тапсырылды.
Шара барысында жас бүлдіршіндер әсем әннен шашу шашып, мың бұрала биледі. Домбыра шерткен таланттар да өз өнерін ортаға салды. Сонымен қатар кішкентай көрермендер мен шараға келуші қонақтарға «Тоқты мен Серке» мультфильмі көрсетілді. Кеш соңында мекеме директоры Райхан Нарикова шараның маңыздылығына тоқталып, келген қонақтарға алғысын білдірді.
– Бүгінгі шара біздің «Оңтүстікфильм» мекемесі үшін үлкен аманатты арқалаған, жауапкершілігі мол кеш болып отыр. Кішкентай көрерменді қуанту үшін өңіріміздің түкпір-түкпірінде анимациялық фильмдердің көрсетілімін қойдық. Бүлдіршіндердің тағлымы мол туындыларды көріп шаттанғанын сезіну біз үшін үлкен бақыт. Облыстың, аудандардың бүлдіршіндеріне біз ұсынып жүрген туындылар «САҚ» киностудиясының туындысы. Анимациялық фильмдердің негізі жас ұрпаққа өз елінің батырларын, туған елінің киелі жерлерін, ұлттық салт-дәстүрін дәріптейді. Қазақ кино өнері дами берсін, еліміздің болашағын қалыптастыратын жастарымыз аман болсын, – деді Райхан Дәрменқызы.
Айта кетейік, аталмыш жоба аясында мекемеміз жыл басынан бері көркем және анимациялық фильмдер тұрақты түрде облыс көлемінде көрсетіп келгендігі белгілі. Осыған байланысты, Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ержанұлы мекеменің өткен 10 жылдық мерейтойы мен балалар жылына арналған іс-шараларда бірлесе отырып біршама кинокөрсетілімдерді атқарғандығы үшін мекеме басшысы Райхан Дәрменқызына Сауран ауданы әкімі Ғани Құрмашұлының арнайы Алғыс хатын табыс етті.
Алдағы уақытта да бұл жоба аясында мекемеміз жасөспірімдердің туған елге деген патриоттық сезімін ояту, бірлікке, тапқырлыққа тәрбиелей отырып, жаңарған жаңа ұрпақтың рухани санасын жаңғыртуға үлес қосуға баулу, сонымен қоса мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыта отырып, ұлттық сананы жаңарту үдерісі қарқын алған тұста ауылдық клубтар мен халық арасындағы мәдени байланысты қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр.

Пікір жазу