Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Ұласбек Сәдібековтің жетекшілігімен өткен отырыста Түркістан қаласы мен Қазығұрт, Мақтарал, Сарыағаш аудандарының әкімдіктерінен білім мекемесі мен әкімшілік-аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау жөнінде келіп түскен 86 ұсыныс (1 мектеп, 1 ауылдық округ, 4 елді мекен, 80 көше) қаралды.
Комиссия мүшелері тарихи жер-су атаулары негізінде әзірленген ұсыныстың барлығын оң қорытындылап, заң аясында тиісті жұмыстарды жалғастыру үшін жергілікті атқарушы органдарға жолдау жөнінде шешім қабылдады.
2014-2016 жылдары облыста 34 объектінің, 2 ауылдың, 20 көшенің, 1 саябақтың атауы ауыстырылды. Жеңістің 70 жылдығына орай Кеңес Одағының батырлары мен бірнеше медальдармен марапатталған ардагерлердің есімдерін жаңғырту үшін 6 мектеп пен 26 көшеге және 1 саябаққа лайықты тұлғалардың есімдері берілді.
Биыл Арыс қаласындағы Шаян ауылы – Қызылкөпір, Төлеби ауданындағы Қамшақ ауылы – Зағамбар ауылы болып өзгертілді.
Сонымен қатар, 2014-2015 жылдары Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысын алған мекемелер бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 3 сәуірдегі № 162 қаулысымен облыстағы 13 мектепке, 1 театрға, 1 кітапханаға, 1 колледжге атау берілді.
Бүгінде елімізде әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге кісі есімдерін беру мәселесі уақытша тоқтатылып, ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі