Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис» атты инвестициялық кездесу өтті. Кездесуде шаһардың инвестициялық мүмкіндіктері сөз болып, үшінші қаланың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасындағы заманауи жобалар таныстырылды. Бір қуанарлығы, Елбасы Н.Назарбаев Шымкентке келген сайын қаланың шырайланып келе жатқанын, көркем көрінісін әрқашан назарынан тыс қалдырмайтындығын үнемі айтып келеді. Елбасы тапсырмасына
орай Шымкент болашақта өзгеше бағытпен дамып, қала іргесі жаңа қалашықпен толығады. Қазіргі таңда қаланың агломерациясына оң әсер ететін жобалардың бірегейі «Тұран» шағын ауданында бой көтеретін «Shymkent City» қалашығының жобасы әзірленіп, дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Осы жолғы инвестициялық пікірлесудің мақсаты – климаты жанға жайлы, инфрақұрылымы дамыған Шымқалаға ел іші-сыртындағы инвесторларды тарту. Сол арқылы қаламызды Оңтүстіктегі кәсіпкерлер қызыға келіп, қимай кететін инвестициялық мегаорталыққа айналдыру көзделген. Еске сала кетсек, бюджеттен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 млрд. теңге бөлініп, жалпы инвестиция көлемі 274,6 млрд. теңге, оның ішінде жеке инвестициялар 172,3 млрд. теңгені құрады. Бұл қаламызда кәсіпкерліктің уақыт өткен сайын дамып келе жатқандығын айғақтайды. Презентация барысында «Shymkent City» жобасының іске асуы мен Шымкент қаласының индустриялық және мәдени дамуы бойынша іс-шараға қатысушылар тарапынан ұсыныстар білдірілді.