Шымкент қаласында «WorldSkills Kazakhstan- 2018» өңіраралық чемпионаты басталды. Бұл іс-шара Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру бойынша облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өтуде.
Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә.Бектұрғанов бастаған Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері және Өзбекстан Республикасы мен Жамбыл, Қызылорда облыстарынан делегаттар, облыстық мәслихаттың депутаттары сынды 500-ден астам адам қатысты. Білім сайысының қатысушыларына сәттілік тілеген облыс әкімі бүгінде елімізде техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға үлкен мән беріліп отырғанын атап өтті.
Салтанатты шараға қатысушы қонақтар студенттер жасаған ауыл шаруашылығы техникаларынан ұйымдастырылған және шығармашылық-инновациялық жобалық көрмелермен танысты.
Айта кетейік, өңіраралық чемпионатқа Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының колледждерінен 123 студент қатысуда. Төрт күн бойына жалғасатын білім жарысында қатысушылар инженерлік, сантехника және жылыту, веб-дизайн, электрмонтаж, кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, кескіндеме және сәндік жұмыстар, мобильді робототехника сынды 30 мамандық бойынша бақ сынамақ. Жарыс жеңімпаздары 2018 жылы маусым айында Астана қаласында өтетін ұлттық чемпионатқа қатысатын болады.
Еске салсақ, былтырғы «WorldSkills Kazahstan -2017» ұлттық чемпионатында облысымыздан қатысқан студенттер 1 алтын медаль, 5 күміс медаль иеленді, ал жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Ұлыбритания, Жапония, Қытай, ТМД елдері қатысқан «WorldSkills Rossia — 2017» халықаралық чемпионатында ІІІ орынды жеңіп алды.