Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деп атап көрсеткен болатын.
Осы мақсатта облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қолдауымен тағы бір тарихи фильм жарық көрмек. Жергілікті «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесінің бірлескен жобасы бойынша қолға алған, Төле би туралы тарихи телехикаяның (10 бөлімнен тұратын) алғашқы түсірілімі табиғаты тамылжыған, қызғалдақтар мекені Шұбайқызыл шоқысынан бастау алды. Туған жердің әсем табиғаты кино арқылы тарихта қалары сөзсіз.
«Өлі разы болмай, тірі байымас», — дегендей, әруақты құрметтеп оған дұға жасау үшін, фильмнің бас режиссері Батырхан Дәуренбеков, сценарий авторы Бақытжан Құлжабай және «САҚ» киностудия директоры Нуриддин Паттеев Төле би бабамыздың жатқан жері Ташкент қаласына барып, бабамыздың рухына құрбандық шалып, құран бағыштап қайтты.
Түсірілім тобына шығармашылық табыстар тілейміз.