Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Қазақстандағы Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясы Үкіметі өкілдігінің басшысы Чэн Хэ бастап келген инвесторлармен кездесті. Бас қосуда тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланысты арттыру, бірлескен жобалар құрып, облыс аумағында кәсіпорындар ашу жайын талқылады.
Кездесуде облыс әкімі қонақтарды өңіріміздің экономикалық әлеуетімен таныстыра келе, өндіріс орындарын ашуға ниетті инвесторларға барынша жағдай жасалатынын жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен Қытай арасында стратегиялық байланыс орнаған. Нәтижесінде екі ел арасындағы тауар айналым 10,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Бір ғана біздің облыстың өзінде қытайлық компаниялардың қатысуымен 5 бірдей жоба жүзеге асып отыр. Болашақта өздеріңізбен дипломатиялық қарым — қатынасты нығайта отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамыз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде қонақтар облысымызда қорғасын және мырыш қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салуға ниетті екенін жеткізді. Жалпы құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын жоба жылына 300 мың тонна қалдықты өңдеуге қауқарлы. Зауыт іске қосылса, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Сондай-ақ, өңір басшысы қытайлықтарды екі жақты меморандум түзуге шақырды. Осының негізінде облысымызда өндірілетін ауыл шаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттау жайын ақылдасты. Одан бөлек, электр қуатымен жүретін көлік шығаратын зауытты оңтүстіктен салуды ұсынды. Қонақтар бұл ұсыныстарға қызығушылық танытып, аталған жобаларды бірге жүзеге асыруға дайын екенін айтты.
Жиын соңында қос тарап бір-біріне сый-сияпат жасап, естелікке суретке түсті.