Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » Мектепті «Үздік директор» басқарады

Мектепті «Үздік директор» басқарады

Қазығұрт ауданындағы Әбдікәрім Бектаев атындағы жалпы орта мектебінің тарихы тым тереңде. 1934 жылы Қазығұрт ауылдық Кеңесінің Суықбұлақ ауылындағы Әлімбек баба мешітінің жанынан сауат ашу мектебі ашылады. Көп кешікпей білім ұясына «Жаңаталап» атауы беріледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2019 жылғы 4 сәуірдегі №158 Қаулысымен «Жаңаталап» жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Әбдікәрім Бектаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КМК болып қайта аталды. Мектеп алдына Әбдікәрім Бектаевтың бюсті қойылды.
Мектеп жанынан «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге» атты аллея ашылды. Аллеяға ауыл азаматтарының демеушілігімен соғыс және тыл ардагерлеріне арналған ескерткіш қойылды.  Нақтырақ айтқанда, ескерткішті мектепті 1991 жылы бітірген түлектер орнатты. Аллеяға сәндік  талдар егіліп, гүлдер отырғызылды.
Тоқсан жылдық тарихы бар мектепте Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкерлері Нұралы Қосымов, Сұлу Мырзакимова, Баян Асанбеков, Қадыр Мүсіров, Н.К.Крупская атындағы сыйлықтың иегері Айдар Абдуллаев, ҚР Білім министрінің Алғыс хаттарымен марапатталған білікті ұстаздар Қымқаш Сыдықова, Әбдірәкім Тұрдиев еңбек етті.
Бүгінде олардың іздерін Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегерлері Медет Жүнісбеков, Әсет Оспанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Тілеухан Сыдықов сынды білікті ұстаздар жалғастырып келеді.
Мектеп директоры Әсет Оспанов аудандық, облыстық «Табысты менеджер» байқауларында І орын иеленіп, 2022 жылы аудан бойынша «Үздік директор» болып танылды.
Мектепте 53 мұғалім қызмет етеді. Олардың ішінде 7 зерттеуші, 19 сарапшы, 10 модератор бар. Білім ордасында 389 оқушы, мектепалды дайындық тобында 17 тәрбиеленуші оқиды. Мектепте 18 сынып бөлмесі, кітапхана, медициналық кабинет, компьютер, химия,  биология, физика, мультимедия кабинеттері жұмыс істейді.
«Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын жүзеге асыруда мектеп кітапханасының ұжымы көптеген іс-шара өткізіпті. Мұнда 12029 кітап қоры бар. Оның 8527-сі мектеп оқулығы, 3332-сі көркем әдебиет.
Иә, үздік директор басқарған мектепте атқарылған ауқымды тірліктер аз емес. Бүгінде Ә.Бектаев атындағы жалпы орта мектебі оқу жылын сәтті аяқтап, оқушылардың жазғы каникулын ойдағыдай өткізуде.

А.Бермұханова

Пікір жазу