Шымкенттегі Отырар кітапханысының директоры Күлия Смайылханқызы Айдарбекованың атына сонау Елордадан алғыс жаудырған қуаныш-хат келді. Хатқа қол қойған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы» директорының орынбасары Б.Жұмабеков былай депті:
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы қызметкерлерінің Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өмірбаяны мен қызмет жолына қатысты мәліметтерді жинақтау мақсатында 2017 жылдың 17-21 сәуірі аралығында Шымкент қаласына жасаған ғылыми-іздестіру іссапарына қолдау көрсеткеніңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Елбасының замандастары туралы деректер мен мақалаларды жинақтау жұмыстарына түсіністік танытып, көмек берулеріңізді ынтымақтастықтың бастамасы деп білеміз.
Келешекте де арадағы әріптестік қарым-қатынастардың ұжымдық серіктестік пен шынайы сыйластыққа ұласатынына сенімдіміз.
Кітапхана сынды рухани мәдениет ордасындағы қызметтеріңіз мерейлі болып, әрдайым абырой биігінен көрініңіздер! Дендеріңізге саулық, ұжымдарыңызға береке-бірлік, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!»