Didarbek.kz. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қарттарын ардақтай білген елдің қашанда рухы үстем, шаңырағы биік» — деген болатын.
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізінен ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны ерекше.
Біздің бүгінгі нұрлы, алаңсыз өміріміздің сақшысы бола білген, самайларын қырау, жүздерін уақыт әжімі торлаған қарттарымызды күн сайын, тіпті сәт сайын құрметтеп, ардақ тұтсақ еш артықтығы болмайды.
Осы мақсатта, бүгін қала әкімі М.Қадырбектің бастамасымен қалалық мәдениет үйінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытып жүрген қарияларды ардақтау мақсатында салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шараға қала әкімі М.Қадырбек, тыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қала және ауылдық округ ардагерлерінің басын қосқан салтанатты жиында шаһар басшысы Мұрат Болатұлы, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері ерік-жігерін ұрпағының жарқын болашағы үшін құрбан еткен қарияларымыздың өмір жасы ұзақ, денсаулықтары мықты болсын-деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Іс-шара соңында қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қазыналы қарттарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі