Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ ОҚЫТУ

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ ОҚЫТУ

Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында жер қатынастары саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады деп атап өткен болатын. Сондай-ақ, Жолдауда бұл салада ашықтықтың жоқтығы, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отырғандығы айтылған. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жоғарыда аталған себептер мен жағдайларды болдырмау, сондай-ақ азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі еліміздің барлық өңірлерінде жер мәселелері бойынша бірқатар тегін семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.

Ағымдағы жылдың 31 қазан күні Шымкент қалалық оқушылар сарайында жер мәселесі бойынша 250-ге жуық қала тұрғындарының қатысуымен семинар өтті. Дәріскер ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанындағы Республикалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері, жер қатынастары мәселелері жөніндегі жетекші сарапшылардың бірі, жер қатынастары, заң және сот бойынша тәжірибесі мол кәсіби адвокат – Бақытжан Базарбек шақырылды. Іс-шараға Шымкент қаласының тұрғындарымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Ұлттық бюро, «Нұр Отан» партиясы және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Бақытжан Жұмабекұлы «фейсбук» әлеуметтік желідегі парақшасында 6 сағатқа созылған жемісті жұмыс барысында, оған 60-қа жуық сұрақ қойылып, 3500 оралман азаматтардың атынан 4 адам сұрақ қойғанын жариялады. Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне іс-шараны жоғары деңгейде өткізгендері үшін алғысын білдірді. Айта кету керек, қазақстандықтармен кездесу Ақтау, Қызылорда, Түркістан, Талдықорған, Тараз және еліміздің үшінші қаласында өтті.

Семинардың басты ерекшелігі сарапшы жер телімдерін беру, заңды тіркеу, алып қою үрдістерімен қатар, жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықты тану жолдарын, жердің мақсатты бағытының өзгеруінің қыр-сырын, сондай-ақ, жер-кадастрлық ақпаратты алу жолдарын, проблемалық мүлікті заңдастыру және т.б. мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Өз тілшімізден

Пікір жазу