Түркістан облысы Созақ ауданында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның қолдауымен аймақтағы ең үлкен күн электр стансасының құрылысы басталды. Қуаттылығы 50 МВт болатын стансада жылына 114 млн. КВт электр энергия өндірілмек.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жалпы құны 60 млн доллар құрайтын жоба «Risen Energy» (ҚХР) шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылып жатыр. Нысан келер жылдың басында пайдалануға беріледі. Іске асыру барысында инвесторлар шамамен 400 жұмыс орын құруды жоспарлап отыр. Аталған жобаның құрлысы кезінде 151 мыңнан астам күн панельдерді орнату жоспарлануда.
«Түркістан облысының электр қуаты тапшылығы Қазақстанның солтүстігінен қосымша электр қуатын әкелу арқылы шешімін табады. Сондықтан баламалы энергия көздеріне инвестиция салу өңіріміздің энергетикалық тәуелділігін азайтады және қоғамға көптеген пайдасын тигізеді. Қуантарлығы облысымызда ауа-райы өте жылы. Шамамен жылына күн 3000 сағаттан аса шығып тұрады және өңіріміз күн электростансаларын салуға қолайлы», – деді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ аймақтық директоры Даулетқожа Мамыров.
Өз кезегінде «Risen Energy» компаниясының бас менеджері Чемпион Юань Қазақстан ивестиция салуға қолайлы елдердің бірі екенін айтып, «Kazakh Invest» компаниясының қолдауын бағалайтындықтарын жеткізді.
Айта кету керек, «Risen Energy» компаниясының өкілдері үшін бұл Қазақстандағы тұңғыш жоба емес. Осыдан бұрын инвесторлар Қарағанды облысында қуаттылығы 40 МВт болатын күн электр стансасын іске қосты. Қазақстандағы жобалардан бөлек «Risen Energy» компаниясы күн энергетика саласында бірқатар елдерде өз жобаларын іске асырды. Атап айтсақ, Австралия,Мексика, Вьетнамжәне Непалда стансалар салған.