Бүгін түсте Арыс қаласының 50 баласы Батыс Қазақстан облысындағы демалыс орнына аттанып кетті. Сонымен бірге кешке қарай 150 оқушы табиғаты таңғажайып Шығыс Қазақстан облысына жіберілді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Демалысқа аттанған оқушыларды ата-аналары мен ұстаздары Арыстағы темір жол вокзалынан шығарып салды.
Бұған дейін арыстық оқушылар Павлодар (129), Ақмола (145), Жамбыл (200), Алматы облыстары (150) мен Нұр-Сұлтан (200) қаласына демалысқа жолданған болатын.
Жалпы осы жазғы демалыста Арыстың 4 мыңнан астам оқушысын өзге өңірлерге демалысқа жіберу көзделген. Қазіргі таңда 1 мыңнан астам оқушы демалысқа жіберіліп отыр. Сонымен қатар Түркістан облысының аудандары 462 баланы жазғы сауықтырумен қамтуда. Оқушыларды арнайы бекітілген ұстаздар алып жүретін болады және жас өрендердің алаңсыз тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Балалардың қуанышында шек жоқ.