Астанадағы Елбасы негізін қалаған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы осы шілде айында Арыстағы жарылыстан зардап шеккен отбасылардың үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын ескере отырып, мектеп жасындағы арыстық 250 оқушы балаға арналған «ENU Team» атты жазғы демалыс лагерін ұйымдастыруды қолға алды.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Шараның мақсаты – 30 күндік мерзім ішінде мектеп оқушылары онда жай демалып қана қоймай бос уақытын тиімді пайдаланып, заманауи әдістемелерді қолдана отырып білімін жетілдіреді (ағылшын тілі оқыту, робототехника үйрену, спорттық шаралар өткізу), жеке қабілетін дамыту, т.б.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында орналасқан «Біркөлік шатқалына» арыстық 50 бала келіп жайғасты. Жалпы əр маусымда балалар онда 10 күннен болады. Ал қалған 200 бала келесі онкүндікте осы лагерь мен Қасқасу елді мекенінде орналасқан «Көк төбе» жазғы лагерінде демалады.