Отырар ауданы, Қоғам ауылынан 3 шақырым солтүстік-батысында орналасқан. Кесене Қ.А. Яссауидің рухани ұстазы болған діни қайраткер Арыстан бабтың зиратына салынған.
Аңыз бойынша Қожа Ахметке аманатын жеткізген Салман Фарси (Арыстан баб) дәм-тұзы таусылар шағында Яссауиді алдына шақырып алып, соңғы сөзін айтады: «Ей, балам, қасымда тұр. Мен өлейін. Жаназамды оқып көм, жан тәсілім қылайын. Медет берсе Мұстафа, ғарыш биігіне шығайын», – деп көз жұмып кетіпті. Арыстан баб дүниеден өткен соң оның денесін ақ бураға артып, еркіне жібереді де соңынан ілесіп жүреді. Ақ бура жүре-жүре бір жерге барып шөккен екен. Сол ақ бура шөккен жерге Салман Фарси – Арыстан баб жерленген екен. Кесененің алғашқы құрылысы XIV-XV ғасырларға жатады. Ол құрылыстан ойылған ағаш бағандар сақталған. ХVІІІ ғасырда жер сілкінісі нәтижесінде кесене қирап, 1909 жылы қайта салынған. 1971 жылы жерасты суларының әсерінен кесене жарамсыз болып бұзылып, жергілікті тұрғындардың қаржысына қайтадан салынған. Өңіріміздегі туристтік маңызы зор орын.