Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр Жетісай ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы нысындарының жұмысымен танысты. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру мен бір жерден екі рет өнім алуда жетісайлық шаруаларда белсенділік жоғары. Бүгіннің өзінде Жетісай ауданында 600 гектардай егістік алқаптан екі рет өнім алу мүмкіндігі туып отыр. Бұл көрсеткішті тағы да жақсартуға болады. Сондай-ақ, ауданның «Даму» бағдарламасына орай үшжақты келісімді іске асыру мақсатында жүзеге асатын жобалардың қатарын жыл соңына дейін көбейту қажет. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция көлемін ай санап арттыру жүктеліп отыр. Бүгін осы және өзге де ауыл шаруашылығы мәселелері Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садырдың Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында әңгімеге арқау болды.
Ербол Әбілқайырұлы ең алдымен Ш. Дәлдабеков ауыл округі, Көрікті ауылындағы мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Мұнда алдағы уақытта 300 басқа дейін қара мал бордақыланады деп күтілуде. Қожалық басшысы Мұхтар Жүнісбековтің айтуынша, қоражайдың құрылысына 100 мың АҚШ доллары жұмсалыпты. Қожалық басшысы облыс әкімінің орынбасарына 1 мың гектардай жайылымдық жердің қажеттігін жеткізіп, көмек беруді өтінді.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Ынтымақ ауыл округіндегі «Ақ – алтын» ЖШС-нің жылыжайына атбасын бұрды. Мұнда бүгінде 30 соттық жерге лимон өсірілуде. Көшеттер көрші Өзбекстан елінен әкелініпті. Алдағы бір-екі жылда өнім бере бастайды. Өйткені бұл жылыжайға үш жылдық көшеттер отырғызылған. Ербол Әбілқайырұлы қожалықтың бұл бастамасына оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.