Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес Отырар ауданына бөлінген Арыс қаласындағы 11 секторда орналасқан көше билері, қалалық мәслихат, қала әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен жиын болып өтті. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қаладағы 11-секторға жауапты Отырар ауданының штаб бастығы-аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш орын алған төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөніндегі атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын жеткізді. Алда тұрған жоспарларымен бөліскен штаб бастығы сектордағы 830 шаңыраққа 77 көше билері өз көмектерін ұсынатындығына сенім білдіріп, тұрғындарға төтенше жағдай бойынша ресми ақпараттарды жеткізу, олардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу, халықты сабырға шақыру және тағы басқа мәселелер бойынша көше билерінің алар орны ерекше екендігіне тоқталды.
Қалалық әкім аппараты мен мәслихат аппаратының жауапты қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің өкілдері өз ойларын ортаға салып, арыстықтарды алып қашпа әңгімеден, арандатушылардан аулақ болуға шақырды.