Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ӘДІЛДІК ҚАШАН ОРНАЙДЫ?

ӘДІЛДІК ҚАШАН ОРНАЙДЫ?

Иә, әділдік қашан орнайтыны – бір Аллаға ғана аян нәрсе. Сонда да болса, бір-екі ойымызды ортаға тастап көрейік! Сонымен, әділдік орнау үшін:

1. Бүкіл халыққа ортақ дүние – «Пресс-автомат» зауытын аянбастастан жұтып жіберген «адал» азамат осы өндіріс орнын бастапқы қалпына келтіріп, мемлекетке қайта табыс етсе,

2. Темірландағы ыстық су шипажайының тас-талқанын шығарып жіберіп, одан шыққан құрылыс материалдарына Шымкентте ойып тұрып үй салған жетпістегі жемқор ел игілігінде болған және болуға тиіс сол дүниені бастапқы қалпына келтіріп, елге қайтарып берсе,

3. Елбасының айтқанына құлақ салып, «арам ақшаға» қымбат джип мініп алғандар, сол көліктерін сатып, сатылған құнының ең болмағанда оннан бір бөлігін жетім-жесірлерге, мұқтаждықтан бас көтере алмай жүрген азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан аз қорғалған өзге де жандарға жұмсаса,

4. Облысымызды және қала орталығын басқарып кеткен кейбір бұрынғы әкімдер түгелімен Оңтүстік өңіріне жиналып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, бұрынғы «ұрлаған-жырлағандарынан» ортаға оннан бір бөлігін тастап, сол қаражаттан баспанасыз жүрген барлық азаматтарды үй-жаймен қамтамасыз етсе,

5. Мемлекеттік мекемені басқарып жүріп, көптеген дүкен-тойханаларды ашып, жүргізіп отырған «жасырын кәсіпкерлер» өз қамқорлығына ең болмағанда бір-бір көпбалалы отбасыны алып, айына бір рет болса да, өз есебінен азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырса,

6. Парақорлар заңсыз алған қаражаттарынан оннан бір бөлігін бөліп шығарып, балабақшалардағы балаларға қомақты сый-сияпат (арзан тәтті-пәтті емес, құнды ойыншықтар дұрыс) дайындап апарса,

7. Әрбір мемлекеттік мекеме басшысы тарылмай, жарты жылда бір рет болса да, бір-бір мектепті қамқорлығына алып, әр оқушыға (алаламай, бөліп-жармай) бір-бір ноутбук сыйға тартса,

– сонда әділдік те орнайды, ішкен-жегендері де сіңімді болады, елдегі әлеуметтік ахуал да жақсарады. Әлде олай емес пе?

Әсет Әссанди

Пікір жазу