ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысында жұмыс сапарымен болды.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Б. Сандықбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О. Ордабаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар, кеңес барысында өңірлердің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының басшылары сөз сөйледі.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялары, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты», — деп А. Мамин, «бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын, қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысқанын» айтты.
ҚР Үкіметінің басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге араласқан, көмек қолын созған барлық отандастарға, бизнес, әкімдік өкілдеріне, құрылысшыларға алғыс білдірді.