Шымкентте 22 шілдеден бастап қала ішінде № 96 автобус бағытында қатынайтын ескі «ГАЗЕЛЬ» көліктерінің орнына жолаушыларға жайлы жаңа автобустар қызмет көрсетуде.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Іnstagram әлеуметтік желісінде жария етті.
— Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! “Shymkent bus” автобус паркіне алынған жаңа автобустар қала ішіндегі бағыттар бойынша қызметтерін бастады. 22 шілдеден бастап № 96 автобус бағытында жолаушыларға қолайлы автобустар қызмет көрсетуде. Тамыз айының ортасына дейін осындай автобустар жүретін басқа да жаңа бағыттар ашылады. Жаңа ашылған бағыттар бойынша хабарлап отырамыз! – деп жазды қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай.
Еске салсақ, 19 маусым қала күніне орай Шымкентте жаңа «Shymkent Bus» автобус паркі ашылған болатын. Осы күні жоспарланған 300 жаңа автобустың 160-ы жеткізілді. Жалпы автопаркте жанармай бекеті, сервистік орталық, автожуу қызметінен бөлек, қызметкерлер үшін жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған. Қаладағы автобустарды жаңалау үшін аталған парк таяу арада жаңа 1000 автобус алмақ.
Айта кетерлігі, Қазақстанда құрастырылған жаңа автобустар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Автобустың жалпы сыйымдылығы — 56 адам.